WTA жаңартылған рейтинг жариялады: Елена Рыбакина рекордтық екінші орынға көтерілді

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жеке және жұптық разрядтар бойынша жаңартылған рейтингті жариялады.
Жеке разряд
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен WTA 1000 санатындағы беделді турнирдің финалына дейін жетіп, рейтингте рекордтық екінші орынға көтерілді. Бұған дейін ол бір саты төмен тұрған. Бұл — теннисшінің мансабындағы ең жоғары көрсеткіш қана емес, сондай-ақ жалпы Қазақстан өкілдері үшін де ең үздік нәтиже.
Әлемдік рейтингтің көшбасшысы болып Беларусь теннисшісі Арина Соболенко қалды. Ал үздік үштікті Польша өкілі Ига Швёнтек түйіндеді — ол бұған дейін әлемнің екінші ракеткасы болған.

Қазақстандық теннисшілердің басқа нәтижелері:
- Юлия Путинцева 76-орыннан 75-орынға көтерілді.
- Зарина Дияс 16 сатыға төмендеп, 312-орынға түсті.
- Жибек Куламбаева 31 сатыға төмендеп, 419-орынға орналасты.
Жұптық разряд
Қазақстанның жұптық разрядтағы ең үздік теннисшісі Анна Данилина 7-орыннан 4-орынға көтерілді.
Рейтингтің бірінші сатысын бельгиялық Элизе Мертенс сақтап қалды. Чехия өкілі Катерина Синякова екінші орынға көтеріліп, канадалық Габриэла Дабровскиді үшінші орынға ығыстырды.



