Батыс Қазақстан облысында көктемгі тасқынға дайындық күшейтілді

**Батыс Қазақстан облысында** көктемгі паводокқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Су басу қаупі бар аймақта облыс орталығындағы ондаған саяжай алқабы орналасқан. Олар **Жайық, Деркөл және Шаған** өзендерінің бойында. Қыста саяжай үйлерінің көбі бос тұрғанымен, жыл бойы тұратын тұрғындар да бар. Барлық учаскелер төтенше қызметтердің тұрақты бақылауында. Қазір өңірдегі жағдай тұрақты болғанымен, су айдындарына бақылау күшейтілген.
**Орал қаласында 140 бау-бақша серіктестігі** бар. Қыста көптеген учаске бос қалады: бір бөлігі қараусыз қалған, кейбірі жазғы маусымға дейін жабық, ал енді бірін тұрғындар тұрақты баспана ретінде пайдаланады. Әкімдік дерегінше, мұнда жыл бойы **мыңға жуық отбасы** тұрады.
**Альбина Кумарғалиева, тілші:**
– Бұл телецентр ауданындағы «Зенит» бау-бақша серіктестігі. **2024 жылдың көктемінде** мұнда су кірген. Қазір де адамдар тұрып жатыр. Шамамен **30 үйде**. Сондықтан ТЖД қызметкерлері учаскелерді аралап, тұрғындарға көктемгі тасқын кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіреді.
Осы аумақта **Юрий Горусин** үш жыл бұрын үй салып, содан бері тұрақты тұрып келеді. Оның айтуынша, орын тыныш әрі қолайлы, бірақ әр көктем сайын су деңгейін мұқият қадағалайды. **2024 жылғы паводокты** бастан өткерген ол енді алдын ала қандай шаралар қажет екенін біледі.
**Юрий Горусин, «Зенит» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:**
– Бізге алдын ала ескертілді. Ертерек эвакуацияландық. Су басатынын білдік. Бәріне үлгердік, бәрін шығарып әкеттік. Ешқандай мәселе болған жоқ. Мұны бұрын да өткердік. Тәжірибе бар. Сондықтан бұған қатты алаңдамаймыз. Бәрі дайын.
Орал қаласының өзінде **15 паводокқа қауіпті учаске** анықталған. Негізінен бұл – жеке сектор аудандары және өзендерге жақын аумақтар. Құтқарушылардың айтуынша, көп нәрсе тұрғындардың өзіне де байланысты: су басудың алдын алу үшін аулалар мен үй маңын қардан уақытылы тазалау, сондай-ақ арықтардың жағдайын бақылау қажет.
Өңірде паводок жағдайына **317 уақытша орналастыру пункті** дайындалған. **Екі мыңнан астам арнайы техника** және **мыңдаған қызметкер** жоғары дайындық режимінде.
**Елдос Батталов, БҚО ТЖД бастығының орынбасары:**
– Орал қаласы аумағында паводокқа ең бейім учаскелер бар. Бұл – ескі қала, бау-бақша серіктестіктері, сондай-ақ Зачаганск кенті. Паводок маусымына дайындық 100%. Бізде бұйрықпен құрылған эшелондар бар. Егер облыс аумақтарында, аудандық бөлімшелерде қауіп төнсе, қала ішінен эшелондар тікелей шығады.
Биыл көктемде паводок қаупі ең жоғары аймақ ретінде **Тасқала ауданы** мен **Бәйтерек ауданы** аталды. Мұнда **Чижа-1, Чижа-2, Деркөл**, сондай-ақ **Быковка** және **Шаған** өзендері нөсер жаңбыр кезінде қалыпты деңгейден жоғары көтерілуі мүмкін. Дегенмен синоптиктер паводок тыныш өтеді деп сендірді.
**Тлеген Шапанов, «Қазгидромет» БҚО филиалының директоры:**
– Күз жаңбырлы болды. Күзгі ылғалдың көп болуына қарамастан, Батыс Қазақстан облысы бойынша паводоктың орташа қарқында өтуін күтеміз. Себебі биыл тоңның тереңдігі аз. Өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда кей жерлерде тіпті жарты метрге төмен. Сондай-ақ мұз қабығының болмауы әсер етеді. Ол еріген судың сүзгіленуіне ықпал етіп, жерүсті ағынын азайтады.
Биылғы қыс қарлы болды. Облыстың солтүстік аудандарында қар жамылғысының биіктігі **40 сантиметрге**, оңтүстікте **шамамен 18 сантиметрге** жетеді. Бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда едәуір көп. «Қазгидрометте» көктемгі тасқынның қалай өтетіні қардың еру жылдамдығына байланысты екенін атап өтті. **11 наурыздан кейін** біртіндеп жылыну болжанып отыр.
*Авторлар: Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов*


