Батыс Қазақстан облысында Орал маңында мектеп автобусы мен маршруттық автобус соқтығысты

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласына жақын маңда мектеп автобусы мен рейстік маршруттық автобус қатысқан жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, апат күндізгі сағат 14:00-де Теректі ауданының Подстепное кенті ауданында болған.
Ведомствоның хабарлауынша, «Самара – Шымкент» республикалық автожолымен қозғалып келе жатқан маршруттық автобус мектеп автобусымен соқтығысқан. Одан кейін мектеп автобусы инерциямен алда тұрған автокөлікке соғылған.

Полиция департаменті оқиға салдарынан зардап шеккендер бар екенін, олардың арасында балалар да барын мәлімдеді.
«Бақытымызға орай, қаза тапқандар жоқ. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Маршруттық автобустың жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді полиция.

Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда.
Бұған дейін Алматы облысында пойыз автобуспен соқтығысқан. Апат салдарынан үш адам зардап шеккен. Автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылған.


