Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі WTA 1000 турнирін қиын жеңіспен бастады

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (№3) Индиан‑Уэллсте (Калифорния, АҚШ) өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы беделді турнирдегі өнерін қиын жеңіспен бастады.
Әлемнің үшінші ракеткасы турнирге екінші айналымнан қосылып, осы кезеңде америкалық Хэйли Баптистті (№43) үш сетте ұтты — 7:6 (7:5), 2:6, 6:2.
Кездесу 2 сағат 18 минутқа созылды. Рыбакина алты эйс жасап, бес қос қателікке жол берді. Ал Баптист алты эйс орындап, төрт қос қателік жіберді.
Рыбакинаның келесі қарсыласы Марта Костюк (Украина, №28) пен Тейлор Таунсенд (АҚШ, №87) матчінің жеңімпазы болады.
Индиан‑Уэллстегі ерлер мен әйелдер жарыстары өтетін турнирдің жалпы жүлде қоры 18,8 миллион долларды (9,4 миллиард теңге) құрайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Рыбакина көрме турнирі — Эйзенхауэр кубогында Tie Break Ten форматындағы жарыста америкалық Тейлор Фрицпен жұптасып жеңіске жеткен. Екеуі бірге 200 мың доллар — шамамен 100 миллион теңге табыс тапқан.


