Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 турнирінің жартылай финалында Арина Соболенкодан жеңілді

Қазақстаннан әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкомен қайта кездесті. 27 наурызға қараған түні Майами (АҚШ) қаласында өткен беделді турнирдің финалына жолдама үшін екі үздік теннисші кортқа шықты.
Майамидегі WTA 1000 сериясындағы турнирдің жартылай финалында Соболенко Рыбакинаны 6:4, 6:2 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 19 минутқа созылды.
Бұл матч ағымдағы маусымда Соболенко мен Рыбакина арасындағы үшінші ойын болды.
Бұған дейін қазақстандық теннисші Australian Open финалында тарихи жеңіске жетсе, белоруссиялық спортшы Индиан-Уэллс финалында қарымта қайтарды.
Майамидегі бұл текетірес теннисшілердің мансабындағы 17-ші кездесуі аталды — топ-5 өкілдерінің арасында бір-бірімен бұдан жиі ойнаған жұп болмаған.
Соболенко Майамидегі турнирде бірде-бір сет ұтылған жоқ. Ал Рыбакина 1/4 финалда әлемнің бесінші ракеткасы Джессика Пегуламен өткен қиын матчта алғашқы сетте жеңілгеннен кейін ойынды өз пайдасына бұра алды.
Қазақстанның үздік теннисшісі биыл алғаш рет әлемдік рейтингте екінші орынға көтеріліп, бірден көшбасшылық үшін күресуге дайын екенін мәлімдеді.


