«Барыс» президенті Сәкен Мұсайбеков ойыншыларға жалақыны уақытында төлеу мәселесі туралы айтты

26 наурызда «Барыс» хоккей клубы маусым қорытындысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Іс-шараға клуб президенті Сәкен Мұсайбеков пен команданың бас бапкері Михаил Кравец қатысты.
Мұсайбековтің айтуынша, бас бапкерге келесі маусымға келісімшарт ұсынылған, алайда Кравец әзірге түпкілікті шешім қабылдамаған.
Баспасөз мәслихатында журналистер клубтың маусым басындағы дәстүрлі қиындықтарды қалай еңсергені, соның ішінде жалақы төлемдерінің кешігуі мәселесі туралы сұрақ қойды. Бұған Мұсайбеков әзілмен жауап берді:
- «Білмеймін. Мен оларға уақытында төлеп отырдым, болды», – деді ол.
Кейін клуб басшысы бұл тақырыпқа нақтырақ тоқталып, қаржыландыруда кідіріс болмағанын атап өтті.
«Орасан қолдау – бұл Туризм және спорт министрлігі, сондай-ақ «Барыс» клубының демеушілері болып саналатын қорлар. Олар тарапынан ешқандай кідіріс болған жоқ. Бізде қаржыландыру бойынша мүлде мәселе болған жоқ», – деді Мұсайбеков.
Оның сөзінше, шетелдік хоккейшілердің қаржыландырылуы демеушілік қаражат есебінен жүзеге асады, ал қазақстандық ойыншылардың жалақысы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордан төленеді.
Маусым қорытындысы: плей-оффсыз нәтиже
Еске салайық, елордалық клуб маусым қорытындысы бойынша қайтадан топ-8 қатарына ене алмады. Команда Шығыс конференциясында 10-орын алып, 54 ұпай жинады.
Бұл көрсеткіш өткен сәтсіз маусымнан 19 ұпайға жақсы және 2023/2024 маусымынан 4 ұпайға жоғары болғанымен, 2022/2023 маусымынан төмен нәтиже ретінде тіркелді.
Статистика бойынша, командада лигадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі – басымдықты (көпшілік) іске асыру пайызы: 13,0 (бұдан төмен тек «Ладада» – 12,9). Сондай-ақ соғылған шайбалар саны да төмен деңгейде: 154 (бұдан аз тек «Сочиде» – 139).
Оң көрсеткіш ретінде «Барыстың» азшылықта (кем құрамда) сенімді ойынын атап өтуге болады: команда 85,1% жағдайда өз қақпасын аман сақтап қалды. Бұл көрсеткіш бойынша тек Магнитогорскінің «Металлургі» ғана алда, ол тұрақты чемпионатты жеңіп алған.
«Барыс» КХЛ-дың тұрақты маусымын «Сибирьге» қарсы матчпен аяқтады.
Сонымен қатар бұған дейін «Металлург» бапкері Андрей Разин Қазақстан құрамасының көшбасшылары Никита Михайлис пен Валерий Орехов команда Гагарин кубогының финалына шыққан жағдайда бірінші дивизиондағы әлем чемпионатын өткізіп алуы мүмкін екенін айтқан.


