Елена Рыбакина Майамидегі беделді турнирдің жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) қаласында өтіп жатқан беделді турнирдің жартылай финалына шықты.
26 жастағы қазақстандық спортшы WTA 1000 сериясындағы турнирдің 1/4 финалында әлемнің бесінші ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездесті.
Бірінші сетте Пегула бірден Рыбакинаның подачасын алып, басымдыққа ие болды да, партияны 6:2 есебімен сенімді аяқтады.
Екінші сетте қазақстандық теннисші бірнеше гейм бойы қарсыласының ойынына бейімделгенімен, 3:2 есебінде брейк жасап, сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші үшінші сетте Елена қарсыласының подачасын ерте алып, брейкпен алға шыққан соң матчты жеңіске жеткізді. Үшінші сеттегі шешуші сәттердің бірі 6-гейм болды: 3:2 есебінде Рыбакинаның подачасында қарсыласы төрт рет геймболдан құтылғанымен, қазақстандық теннисші маңызды ұпайды өз пайдасына шешті.
Матчтың қорытынды есебі: 2:6; 6:3; 6:4 — Елена Рыбакинаның пайдасына.
Рыбакинаның қатарынан екінші турнирде жартылай финалға шыққаны атап өтілді. 15 наурызда ол Индиан-Уэллс турнирінің финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен ойнаған.
Майамиде Елена Беларусь өкілі, рейтинг көшбасшысы Соболенкомен қайта кездесуі мүмкін, бірақ бұл жолы жартылай финал кезеңінде. Соболенко АҚШ теннисшісі Хейли Баптистпен 25 наурыздан 26 наурызға қараған түні ойнайды.
Егер Елена Рыбакина Майамидегі турнирде жеңіске жетсе, ол 612 мың 340 доллар немесе 295 миллион теңге табыс табуы мүмкін.
Бұған дейін Майамидегі турнирдің 1/8 финалында қазақстандық теннисші Талия Гибсонды (Аустралия) бір сағат ішінде жеңген.
Сондай-ақ 18 жастағы қазақстандық Амир Омарханов ересектер деңгейінде кезекті титулын жеңіп алды.


