Елена Рыбакина Майамидегі WTA-1000 турнирінің ширек финалына шықты

Әлемнің екінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Майами (АҚШ) қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің ширек финалына шықты.
1/8 финалда Рыбакинаға Австралия өкілі Талия Гибсон (WTA №68) қарсы тұрды. Кездесу 1 сағатқа созылып, қазақстандық спортшы 6:2, 6:2 есебімен екі сетте жеңіске жетті.
Ширек финалда Рыбакинаның келесі қарсыласы — америкалық Джессика Пегула (WTA №5). Пегула 1/8 финалда румыниялық Жаклин Кристианды (WTA №36) 6:4, 6:1 есебімен ұтты. Ойын 25 наурызда өтеді.
Рыбакина турнирді екінші айналымнан бастап, алғашқы матчында Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцеваны (WTA №75) 6:3, 6:3 есебімен жеңді. Одан кейін украиналық Марта Костюкті (WTA №28) 6:3, 6:4 нәтижесімен ұтты.
Miami Open турнирі 17–28 наурыз аралығында өтеді. Жарыстың жүлде қоры 18 831 450 долларды (шамамен 9,08 млрд теңге) құрайды. Жекелей сындағы жеңімпаздар 1 151 380 доллардан ( 555 млн теңгеден астам) алады.
Турнирдің қазіргі чемпионы — әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко.


