Шахтинскіде пәтерді өртеген күдікті ұсталды: полиция бес қызметкерінің жарақат алғаны хабарланды

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында пәтерді өртеді деген күдікпен ер адам ұсталды. Ұстау сәтінің видеосы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялады.
Полицияның мәліметінше, күдіктіні ұстау жоғары қауіп жағдайында өткен.
Келген полиция қызметкерлері оқиға орнына жетісімен тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен. Осы кезде бесінші қабаттағы пәтерлердің бірінде болған 40 жастағы күдікті полицейлерді байқап, әдейі газ шығарып, оны тұтатқан. Хабарламада жарылыс қаупі жоғары болғанына қарамастан, тәртіп сақшылары шешімді әрекет етіп, өмірлерін қатерге тігіп, ұстау операциясын аяқтағаны айтылған.
Қазіргі уақытта күдікті медициналық мекеменің арнайы палатасында күзетпен отыр. Қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өрт кезінде полицияның бес қызметкері зардап шегіп, барлығы ауруханаға жатқызылған.
Не болды
Өткен түні Қарағанды облысының Шахтинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылған. Құтқарушылар мен полиция жоғарғы қабаттардағы тұрғындарды эвакуациялап, олар үшін жылыту пунктін ұйымдастырған. 40 шаршы метр аумақта өрт тұтанып, кейін ол сөндірілген.


