Астанадағы пәтер өрті: үш баласынан айырылған әйел есін жиды, жағдайы ауыр күйде қалып отыр

Астанадағы ауыр өрттен аман қалған тұрғын әйел есін жиды, бірақ жағдайы әлі де ауыр күйде қалып отыр.
Үш баласынан айырылған әйел қазір жетінші тәулік реанимация бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайының ауыр болуы күйік ауруына, тыныс алу жолдарының зақымдануына және интоксикацияға байланысты.
Дәрігер-травматолог Марат Сабировтың мәліметінше, қазіргі уақытта пациент есін біледі және берілген командаларға жауап береді. Оған қажетті дәрі-дәрмектік қолдау көрсетіліп жатыр. Тыныс алуы жасанды өкпе желдету аппараты арқылы қамтамасыз етіледі. Жүрек жұмысы мен артериялық қысымы тұрақты.
Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанада Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шыққан. Пәтерден үш баланың мәйіті табылды. Өрт сөндірушілер олардың анасын құтқарып, оны күйік жарақаттарымен №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізді.
Оқиға кезінде жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы шамамен 40 адам ғимараттан өздігінен шыққан. Қалалық полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сонымен қатар, полиция өрт болған тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберісті көлігімен жауып тастаған жүргізушіні жазалады.
Сондай-ақ, ТЖМ Астанадағы өрт кезінде «әрекетсіздік» туралы сыннан кейін өз ұстанымын түсіндіріп, «Таран недопустим» деп мәлімдеді.


