Астанада 21 қабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шығып, үш бала қаза тапты

Бүгін түнде Астана қаласы Есіл ауданы, Түркістан көшесінде 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шықты.
Хабарлама түскеннен кейін ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жедел жетті. Алғашқы бөлімшелер келген кезде пәтерде ашық жану орын алғаны анықталды.
Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел құтқарылып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Ол №1 Көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды.
ТЖМ күштерімен жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетінше шықты. Өрт толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Сондай-ақ әкімдік мәліметінше, зардап шеккен әйелге және қаза болғандардың отбасына қажетті жан-жақты көмек көрсетіледі. Жағдай бақылауда.


