Қырғызстан ІІМ министрі Улан Ниязбеков қоғамдық орында темекі шеккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қырғызстанның ішкі істер министрі Улан Ниязбеков қоғамдық орында темекі шеккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған әлеуметтік желілерде тараған видео себеп болған.
Дереккөздердің мәліметінше, ролик жарияланғаннан кейін ІІМ басшысына қатысты хаттама толтырылған. Ниязбековке 3 мың сом (шамамен 17 мың теңге) көлемінде айыппұл салынған.
Қырғызстан ІІМ-де заңның лауазым мен мәртебеге қарамастан барлығына бірдей қолданылатыны атап өтілді.
Әлеуметтік желіде бұған дейін жарияланған қысқа видеода министрдің ғимарат кіреберісіндегі баспалдақ алаңында темекі шегіп тұрғаны көрінеді.
Еске салайық, Қазақстанда қоғамдық орында темекі шеккені үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер құқықбұзушылық жарты жыл ішінде қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке (2026 жылы 86 500 теңге) дейін өседі. Ал әуе кемесінің бортында темекі шеккені үшін айыппұл мөлшері 50 АЕК ( 216 250 теңге) болады.
Бұған дейін Қазақстанда қай жерлерде темекі шегуге рұқсат етілетіні туралы айтылған болатын.


