Николас Мадуро мен Силия Флорес Нью-Йорктегі федералдық соттың екінші отырысына қатысты

Биліктен шеттетілген Венесуэла президенті Николас Мадуро және оның жұбайы Силия Флорес Нью-Йорктегі федералдық соттың екінші отырысына қатысты.
Материалда айтылғандай, бір сағатқа созылған тыңдау барысында судья Элвин Хеллерстайн Мадуро мен оның жұбайының Венесуэла үкіметінің көмегінсіз сот шығындарын төлей алмауына байланысты істі тоқтатпайтынын аңғартты.
Сот отырысы кезінде сұр түсті түрме киімін киген, көзілдірік таққан және аудармаға арналған гарнитура пайдаланған экс-президент тыңдау бойы жазба жүргізіп, кей сәттерде аудармашы арқылы адвокатымен сөйлескені көрсетілген.
Жарияланымда: «Залға кіргенде жымиған Мадуро тыңдау кезінде сотқа жүгінген жоқ, ал отырыс оның және Флорестің сот шығындарын кім төлейтіні жөніндегі дауға арналды» деп жазылған.
АҚШ санкциялары Венесуэла үкіметіне бұл шотты төлеуге мүмкіндік бермейді. Ал Мадуро мен Флорес өздерінің жеке қаражаты бұл шығынды өз бетімен өтеуге жеткіліксіз екенін айтады.
«Мен істі тоқтатпаймын», — деді судья Мадуроның адвокатының өтінішін кері қайтарып, алайда ресми шешім шығармаған.
Судья келесі сот отырысының күнін де бірден белгілеген жоқ.
Тыңдау басталар алдында АҚШ көшбасшысы Дональд Трамп Мадуроға қатысты «басқа істер де қозғалатынын» мәлімдеді, бірақ ешқандай нақты мәлімет келтірмеді.
Манхэттендегі сот ғимаратының алдында Мадуроны қолдаушылар мен қарсыластар жиналды. Олардың арасында Мадуроны кісен салынған, қызғылт сары түрме комбинезонын киген кейіпте бейнелейтін үлкен үрлемелі қуыршақ ұстаған бірнеше адам болды. Бір сәтте демонстранттар арасында төбелес шығып, полиция араласып, бір адамды алып шықты.
Тыңдау кезінде Венесуэланың астанасы Каракаста да жүздеген адамның қатысуымен митингілер өтті. Олардың қатарында Мадуроның ұлы Николас Мадуро Герра да болған.
«Біз АҚШ-тың құқықтық жүйесіне сенеміз», — деді ол AFP агенттігіне, бірақ әкесінің «ұрлануы» істің заңдылығына нұқсан келтіретінін атап өтті.
63 жастағы Мадуро шамамен үш айдан бері Бруклиндегі Metropolitan Detention Center мекемесінде қамауда отыр. Бұл — антисанитарлық жағдайларымен белгілі федералдық түрме. Хабарланғандай, ол интернет пен газеттерге қол жеткізбей, жалғыз камерада ұсталады.
Венесуэланың бұрынғы басшысы өзін «әскери тұтқын» деп жариялап, өзіне тағылған айыптар бойынша кінәсін мойындамады.


