Жеті жастағы қазақстандық қыз жарты жыл жалғыз болғаннан кейін Грузиядан елге қайтарылды

**Жеті жастағы қазақстандық қыз жарты жыл жалғыз болғаннан кейін Грузиядан Қазақстанға қайтарылды.** Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, кәмелетке толмаған қазақстандық Грузия аумағында заңды өкілдерінің тиісті күтімі мен бақылауынсыз болған. Осыған байланысты ол уақытша мамандандырылған мекемеге орналастырылған.
Баланы елге қайтаруды ұйымдастыруға **алты ай** уақыт кеткен. Осы кезеңде дипломатиялық арналар арқылы келіссөздер жүргізіліп, Грузияның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылған, қажетті құжаттар рәсімделіп, құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта қыз бала қауіпсіз жерде. Оған қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар заңнама талаптарын сақтай отырып және баланың мүддесін ескере отырып, оның әрі қарай отбасына орналастырылуына қатысты жұмыс жалғасуда.
Министрлік хабарламасында: "Баланың құқықтарын, қауіпсіздігін және жеке өмірінің қол сұғылмаушылығын қорғау мақсатында оның жеке деректері, Грузияда болған жағдайлары және өзге де мәліметтер құпия болып табылады және жария етілмейді", — делінген.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде бала кезінде АҚШ-тағы отбасы асырап алған Қазақстан тумасының биологиялық ата-анасын іздеу туралы жазба жарияланған еді. Хабарламаны оның жұбайы жариялаған.


