Венгрияда ұсталған «Ощадбанк» көліктері Украинаға қайтарылады, бірақ ақша мен алтын Венгрияда қалады

Венгрияда 5 наурызда ұсталған украиналық «Ощадбанк» көліктері Украинаға қайтарылады, алайда олардың ішіндегі ақша мен алтын Венгрияда қалады.
Венгрия үкіметі ресми тергеуді жүргізуді тапсырған Венгрияның Ұлттық салық және кеден қызметінің тергеушілері украин тараптың адвокаттарына тұтқындалған автокөліктерді беруге ниетті екенін хабарлаған.
Ал алтын мен ақша осы аптада қабылданған заңға сәйкес Венгрияда қалатыны көрсетілген. Ұсталған көліктердің қазіргі жағдайы туралы ақпарат жоқ.
5 наурызда Венгрияда ұсталған «Ощадбанк» көліктерінде 40 миллион доллар, 35 миллион еуро және тоғыз килограмм алтын болған. Венгрия билігі ақшаны жылыстату күдігі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Олардың мәліметінше, ақша мен бағалы металды тасымалдау Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) бұрынғы генералының және әскери тәжірибесі бар тағы бірнеше адамның жетекшілігімен жүзеге асырылған болуы мүмкін.
«Ощадбанк» өз кезегінде украин инкассаторлары қаражат пен құндылықтарды австриялық «Райффайзенбанкпен» жасалған халықаралық келісім аясында және соны орындау мақсатында тасымалдағанын мәлімдеген. Киев инкассаторларды босатып, мүлікті қайтаруға шақырған.
Сондай-ақ Венгрия 20 ақпаннан бастап Еуропалық Одақтың Украинаға қаржылай көмегін бұғаттап отыр. Әңгіме 90 миллиард еуро көлеміндегі несие туралы, оның 60 миллиард еуросы Ресей Федерациясының әскери агрессиясынан қорғанысқа тікелей бағытталуы тиіс.
Венгрия өз ветосын Ресейдің Украина аумағы арқылы өтетін «Дружба» мұнай құбырына соққы жасағаннан кейін, Будапешттің айтуынша, Киев жөндеу жүргізбегендіктен, елдің Ресей мұнайын ала алмай қалғанымен түсіндіреді. Украина президенті Владимир Зеленский Будапешттің сынына жауап ретінде Ресей мұнайының еуропалық нарықта орны жоқ екенін айтқан.


