Денсаулық сақтау министрлігі медкуәландыру ережелерін жаңартуды ұсынып, 0,3 промилле шегін қайтармақ

Денсаулық сақтау министрлігі алкоголь және психоактивті заттарды қолдануға медициналық куәландыру рәсімін жетілдіруге қатысты бұйрық жобасын жариялады. Негізгі жаңалықтардың бірі — масаңдық фактісін тіркеуге арналған порогтық промилле көрсеткішін қайта енгізу ұсынысы.
Масаңдық деңгейін нақтылау
«Ашық НҚА» сайтында «Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасы жарияланған. Құжатта «алкогольдік масаңдықты бағалау әдістерін жетілдіру» туралы айтылады.
Жоба сипаттамасында масаңдық дәрежесін дәлірек анықтауға және жағдайдың ауырлығын бағалауға байланысты даулы жағдайларды азайтуға мүмкіндік беретін сапалық көрсеткіштерді енгізу ұсынылатыны көрсетілген.
Құжаттағы нақтылаулардың бірі — алкоголь қолданылғанын тіркеу басталатын порогтық промилле мөлшері.
Қазақстанда 2020 жылдың соңына дейін медициналық куәландыру рәсімін реттейтін бұйрықта промилле кестесі болған. Сол кестеге сүйене отырып, алкогольдік масаңдық дәрежесін анықтауға болатын.
Жеңіл дәрежедегі масаңдық қандағы алкоголь мөлшері 0,5-тен 1,5 промиллеге дейін болғанда тіркелген. Осыған байланысты бұйрықта ресми түрде болмағанымен, бейресми түрде «рұқсат етілген промилле» деген түсінік пайда болған. Алайда 0,5 промиллеге дейін адам трезв деп саналатын.
Ол кезде министрлік промилле бойынша жіктеу тек ұсынымдық сипатта болғанын, ал тыныстағы ауадағы алкоголь мөлшері медициналық қорытындының негізі емес, тек қосымша құрал екенін түсіндірген.
2020 жылдың қарашасынан бері және қазірге дейін қолданыстағы бұйрықта мұндай кесте де, тиісінше «рұқсат етілген промилле» де жоқ.
Енді құжатта психоактивті заттарды қолдану фактісін тіркеуге арналған көрсеткішті қайтару ұсынылады — ол 0,3 промилле.

Жобаға берілген түсіндірмеде 0,3 промилле көрсеткіші ағзаның физиологиялық ерекшеліктері, медкуәландыру жүргізілетін құралдардың техникалық сипаттамалары және алкотестердің ықтимал қателіктері ескеріліп белгіленгені айтылған. Бұл жалған оң қорытындыларды болдырмауға бағытталған.
Сондай-ақ, масаңдық дәрежесі бұрынғыдай тек кешенді тексеру мен дәрігер қорытындысынан кейін анықталатыны, ал алкотестер көрсеткіштері құралдардың бірі ретінде қала беретіні атап өтіледі. Спикердің айтуынша, тәжірибеде алкотестер 0,3 промилледен төмен көрсетсе, дәрігерлер адамның трезв екенін көрсететін қорытынды береді, енді осы норманы бұйрықта ресми бекіту ұсынылып отыр.
Бұл өзгерістер қолданыстағы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына енгізілетін толықтырулар ретінде медициналық куәландыру жүргізу тәртібін нақтылауға бағытталған.
Тағы қандай өзгерістер ұсынылады
Құжатта зертханалық зерттеулер жүргізу тәртібін егжей-тегжейлі нақтылау да қарастырылған. Бұл медициналық қорытындылардың объективтілігін арттыруға тиіс.
Асель Кидиралиеваның айтуынша, өзгерістердің басым бөлігі психоактивті заттарды қолдануға медициналық куәландыру тәртібін нақтылайды.
1) Медициналық куәландыру кешенді түрде жүргізіледі. Оның құрамына мыналар кіреді:
- медициналық қарап-тексеру;
- зертханалық зерттеулер — алко- немесе наркотест;
- биологиялық материалды бақылау — дәрігер алғашқы екі тармақ адамның жағдайын объективті бағалауға жеткіліксіз деп есептеген жағдайда, талдауға қан немесе зәр алу.
Қорытындының негізі клиникалық тексеру деректері болады: психикалық және соматоневрологиялық жағдайды кешенді бағалау (сыртқы келбет, мінез-құлық, ес жағдайы, сөйлеу, тері жамылғыларының, көздің шырышты қабықтарының, тілдің күйі, тершеңдік, сілекей ағу, тыныс, пульс, қысым, қарашықтардың күйі мен реакциясы, мимика, жүріс-тұрыс, Ромберг қалпындағы тұрақтылық және т.б.).
Қосымша түрде тыныстағы ауа талданады. Қан немесе зәр талдауы — даулы жағдайларда. Барлық факторлар жиынтық түрде ескерілуі тиіс.
2) Медициналық куәландыру бір рет жүргізіледі. Екінші немесе үшінші рет өту жаңа жағдай ретінде есептеледі.
Кидиралиеваның түсіндіруінше, бұл даулы жағдайларда адамдардың белгілі бір уақыттан кейін қайта куәландырудан өту мысалдарына қатысты. Осы уақыт ішінде алкоголь ағзадан шығарылып, зерттеу нәтижелері мүлде басқа болуы мүмкін. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін кешенді тексеру енгізіледі, ал қайта куәландыру жаңа жағдай ретінде тіркеледі.
3) Психиатр-нарколог дәрігерлері және мамандандырылған клиникалар жоқ жерлерде медициналық куәландыруды арнайы білімі бар орта буын медицина қызметкерлері (медбике/медаға) жүргізе алады.
Эксперттің айтуынша, бұл ең алдымен қажетті мамандар әрдайым бола бермейтін аудан орталықтарына қатысты. Қолданыстағы бұйрық бойынша медкуәландыру жүргізу құқығы тек дәрігерде болғандықтан, бұл қолжетімділікті төмендетіп, кезектің ұлғаюына әсер етеді.
4) Медициналық куәландырудан өтетін адамның жеке басын анықтау мүмкіндіктері кеңейтіледі. Егер адам аты-жөнін айта алмаса немесе айтудан бас тартса, жанында құжаттары болмаса, сыртқы келбетін сипаттауға, аудио және видеофиксация жүргізуге мүмкіндік беріледі. Бұл кейін азаматтың жеке басын анықтау үшін қажет.
Асель Кидиралиеваның айтуынша, барлық келісу рәсімдерінен кейін жаңартылған ережелер бірнеше айдан кейін күшіне енуі мүмкін.
Бұған дейін сенаторлар жүргізушілерді медициналық куәландыруды жекеменшік медициналық орталықтарда өткізуге рұқсат беруді ұсынғаны да айтылған.


