Қарағанды облысында баланың өліміне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі тексеріс жүргізіп жатыр

Денсаулық сақтау министрлігі Қарағанды облысында баланың өлімі фактісі бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, баланың қайтыс болуына байланысты көрсетілген медициналық көмекті объективті бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеріс өткізіледі.
Министрлік Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйеніп, науқас ауру басталғаннан кейінгі екінші тәулікте инфекциялық орталыққа жатқызылғанын хабарлады. Баланың жағдайы нашарлауына байланысты ол реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған. Тексеру барысында бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ қоздырғыштары қатысқан аралас инфекцияға байланысты аса ауыр жағдай анықталған.
Министрліктің мәліметінше, аурудың ауыр өтуіне айқын иммунтапшылық және туғаннан бері вакцинацияның болмауы әсер еткен. Бұл ағзаның инфекциямен күресу қабілетін едәуір төмендетіп, емнің тиімділігін азайтқан.
Ведомствоның хабарлауынша, медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде көрсетілген. Емдеу тактикасы бірнеше рет республикалық консилиумдарда профильдік мамандардың қатысуымен қаралған, олардың қатарында бас штаттан тыс балалар инфекционисті, бас балалар пульмонологы, бас балалар реаниматологы болған. Сонымен қатар экстракорпоральды мембраналық оксигенацияны (ЭКМО) қолдану мүмкіндігі де қарастырылған.
Анықтама: ЭКМО (экстракорпоральды мембраналық оксигенация) — өкпенің және/немесе жүректің жұмысын уақытша алмастыратын аппарат. Ол ағза өздігінен күресе алмайтын критикалық жағдайларда қолданылады: науқастың қаны денеден шығарылып, аппаратта оттегімен қанықтырылып, қайтадан ағзаға қайтарылады.
Алайда консилиум қорытындысы бойынша, жағдайдың ауырлығы мен медициналық көрсеткіштерді ескере отырып, бұл әдіс ұсынылмаған.
Министрліктің мәліметінше, қарқынды терапия мен қабылданған кешенді шараларға қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған. Ведомство мұндай жағдайлардың медициналық тұрғыдан аса күрделі екенін атап өтіп, ауыр инфекция, иммунтапшылық және вакцинацияның болмауы ем уақытылы басталып, толық көлемде жүргізілгеннің өзінде қолайсыз нәтиже қаупін айтарлықтай арттыратынын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігі баланың қазасына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде, соның ішінде бір Telegram-арнада, Қарағандыдағы облыстық инфекциялық ауруханада бір жас үш айлық қыз бала қайтыс болғаны жазылған. Ондағы мәліметке сәйкес, бала ішек инфекциясымен ауруханаға түскен, кейін жағдайы нашарлап, реанимацияға ауыстырылған және ИВЛ-де болған. Үш жарым аптадан кейін қыз бала көз жұмғаны айтылған. Сондай-ақ, хабарламада марқұм қыздың анасы уәкілетті органдардан мыңдаған өмірді құтқара алатын ЭКМО аппараттарын сатып алуды сұрайтыны, оның айтуынша, ауруханада мұндай жабдық болмағаны көрсетілген.
Сондай-ақ оқыңыз: “Ситуация проблемная“: в Казахстане растет число отказов от вакцинации


