Түркия: НАТО әуе қорғанысы Ираннан ұшырылған баллистикалық зымыранды түрік әуе кеңістігінде атып түсірді

Түркияның Қорғаныс министрлігі 9 наурыз, дүйсенбі күні НАТО-ның әуе қорғанысы және зымыранға қарсы қорғаныс құралдары Түркия әуе кеңістігінде Ираннан ұшырылған баллистикалық зымыранды атып түсіргенін мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, оқ-дәрі фрагменттерінің бір бөлігі Газиантеп провинциясындағы шөлейт аумаққа құлаған. Оқиға салдарынан қаза тапқандар немесе жараланғандар жоқ.
Ведомство Түркияның тату көршілік қатынастарға және аймақтық тұрақтылыққа үлкен мән беретінін атап өтті. Сонымен бірге министрлік ел аумағы мен әуе кеңістігіне бағытталған кез келген қауіпке қарсы барлық қажетті шаралар батыл әрі кідіріссіз қабылданатынын тағы да мәлімдеді.
Зымыран жойылғаннан кейін Түркия президенті әкімшілігі Иранды өңірдегі шиеленісті одан әрі ушықтырмауға шақырды. Президент әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран өңірдегі кернеудің күшеймеуі және қақтығыстардың кең аумаққа таралмауы аса маңызды екенін айтып, барлық тараптарды, ең алдымен Иранды, аймақтық қауіпсіздікке қатер төндіретін және азаматтық халықты қауіпке ұшыратуы мүмкін әрекеттерден бас тартуға үндеді.
Бұған дейін, дүйсенбі күні Иран СІМ-нің ресми өкілі Исмаил Багаи Иран қарулы күштері Кипрге, Түркияға және Әзербайжанға шабуыл жасамағанын мәлімдеген.
Анкара Иран зымыранын Түркия аумағы үстінде тосып алғаны туралы алғаш рет хабарлап отырған жоқ. 4 наурызда Түркияның Қорғаныс министрлігі Иранның баллистикалық зымыранының фрагменті Хатай провинциясына құлағанын хабарлаған. Ол оқиғада да ешкім қаза таппаған және зардап шекпеген.


