Тоқаев қазақстандық паспорттың халықаралық беделі туралы айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан паспортының «күші» және оның халықаралық деңгейде мойындалуы туралы пікір білдірді.
Мәслихат депутаттарының барлық деңгейдегі форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қазіргі Қазақстанның көптеген елдерден экономикалық орнықтылығымен, саяси тұрақтылығымен, сондай-ақ әртүрлі діни және мәдени дәстүрлерге құрметпен қарауымен ерекшеленетінін атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өркениетаралық және конфессияаралық диалогты дамыту, халықаралық құқықты сақтау, бейбіт қатар өмір сүру, ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту қағидаттарын қолдайды.
Президент Қазақстан әрдайым ұлттық мүддені және мемлекеттік егемендікті берік қорғап келгенін және қорғай беретінін айтты.
«Біз — қиратпай, жасайтын; алыстатпай, жақындататын; бөлмей, біріктіретін ұлтпыз. Сондықтан біздің паспорттарымыз халықаралық деңгейде кең сенімге ие болып, үлкен күшке ие құжат ретінде танылады», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев қазақстандықтардың еркін саяхаттайтынын, шекарадан кедергісіз өтетінін, білім алатынын және әлем бойынша бизнес жүргізетінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл — еліміздің үлкен мүмкіндіктер елі екенін және әлемге ашық екенін көрсетеді.
Сондай-ақ Президент Қазақстанды бейбіт ел деп атап, Қазақстанның көгілдір (бирюзовый) паспорты әлемде жақсы танылып, құрметтелетінін, ал қазақстандықтарды түрлі елдерде жылы қабылдайтынын айтты.












