Тоқаев жаңа Конституция жобасына қатысты сынға жауап беріп, тіл төңірегіндегі дауларға пікір білдірді



















Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумында жаңа Конституция жобасына қатысты сынға жауап беріп, тіл төңірегіндегі дауларды қоздырып жүргендерге қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасында мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде ғылым мен білімді, мәдениет пен инновацияларды дамыту алғаш рет айқындалатынын еске салды. Сондай-ақ ол мемлекеттің зайырлы сипаты туралы, әсіресе білім беру жүйесіне қатысты ереженің аса маңызды екенін атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның әлемнің түкпір-түкпірінен таланттар мен инвестиция тартатын орталыққа айналу әлеуеті жоғары. Бұл адам капиталының сапасын жетілдіру жұмысының маңызды бөлігі ретінде бағаланды. Осыған байланысты Конституция деңгейінде зияткерлік меншікті қорғауды бекіту алғаш рет ұсынылғанын, бұл креативті экономиканың дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік беретінін айтты.
Президент сондай-ақ адамның жағдайын нашарлататын немесе оған жаңа міндет жүктейтін жағдайда заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салатын норманың ерекше мәні бар екенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл азамат қорғалған әрі өмірі мен кәсіпкерлік қызметін сенімді жоспарлай алатын тұрақты және болжамды құқықтық әрі инвестициялық орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен бірге Тоқаев жекелеген аумақтар мен «жедел даму қалалары» үшін арнайы құқықтық режим белгілеу ұсынылып отырғанын айтты. Осы нормаға байланысты елдің аумақтық тұтастығын бұзу қаупі туралы хабарламалар пайда болғанын атап өтіп, мұндай ауыр айыптауларды «әлемдік тәжірибені зерттеуге де ерінген, заң тұрғысынан сауатсыз адамдар» айтып жүргенін мәлімдеді.
Президент жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесі төмендеді деген пікірлерге де тоқталды. Оның айтуынша, мұндай мақалаларды көптеген стилистикалық және грамматикалық қателермен оқу «қызық», ал авторлары орыс тілі үшін алаңдаймыз дегенімен, өздері оны дұрыс білмейтінін айтты.
Тоқаев жаңа Конституция мәтінінің қазақ және орыс тілдерінде, бірдей заңдық күші бар ресми құжат ретінде жариялануының өзі көп нәрсені аңғартатынын және бұл мәселе бойынша түсініктеме де, ақталу да қажет емес екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол қазақ тілінің мәртебесі төмендеді дегенге қатысты «ешқандай негіз жоқ» екенін айтып, бұл тақырыпта «истерика ұйымдастырудың қажеті жоқ» деп түйіндеді.
“Казахский язык стал модным в молодёжной среде“ - Токаев


