Тоқаев мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздарды запасқа шығару және 2026 жылғы шақыру туралы жарлыққа қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметін өтеп, белгіленген қызмет мерзімін толық өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы жарлыққа қол қойды.
Президенттің қол қойған құжаты — "Белгіленген мерзімді әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерін запасқа шығару және Қазақстан Республикасы азаматтарын 2026 жылғы наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" Жарлық.
Жарлықта Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Заңының 5-бабы 2-тармағы 11) тармақшасына және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңының 31-бабына сәйкес мынадай шешімдер көзделген:
- 2026 жылдың наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген мерзімді әскери қызметшілер запасқа шығарылсын.
- 2026 жылдың наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке он сегізден жиырма жеті жасқа дейінгі, шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ ер азаматтар шақырылсын.
Жергілікті атқарушы органдарға 2026 жылдың наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы ұйымдастыру және өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне Қазақстан Республикасының азаматтарын мерзімді әскери қызметтен өту үшін аталған органдарға жөнелтудің, сондай-ақ белгіленген мерзімді әскери қызмет мерзімін өтеген әскери қызметшілерді жұмыстан босатудың қаржылық және материалдық қамтамасыз етілуін ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


