Семейде нөсер жаңбыр мен еріген қар суынан кей аудандарды су басты

**Семейде** нөсер жаңбыр мен еріген қар суының салдарынан қаланың кей аудандарын су басты. Қалада суды сорып шығару жұмыстары түні бойы жалғасты.
Қала тұрғындары нөсерден кейінгі су басу жағдайының видеокадрларымен бөлісіп жатыр.
Арнайы қалалық қызметтер жеке үйлерді су басып қалмауы үшін түні бойы су сорып шығарумен айналысқан.
Публикация от Қалымов Ерсін (@mobilographer_semey)
Автор fcity паблигінде Семейде көктем сайын қайталанатын жағдайды әзілмен сипаттай отырып, биыл қала әкімдігінің жедел әрекетін атап өткен. Оның жазуынша, арнайы қызметтер тәулік бойы режимге көшіп, еріген қар суын, сондай-ақ дәл осы кезде «орынсыз» жауған жаңбыр суын күшейтілген қарқынмен сорып жатыр.
Әкімдік мәліметінше, жұмыстарға **65 техника**, **20 мотопомпа** және **шамамен 250 қызметкер** тартылған. Олар көшелерде, аулаларда және су жиналған учаскелерде жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін жауапты мердігер ұйыммен **70 техника** тарту туралы келісімшарт жасалғаны және **6 наурыздан бері 3 000 текше метрден астам су** сорылып шығарылғаны хабарланған.
Ведомство өкілдері суды сорып шығару және оны қауіпсіз аймақтарға бұру жұмыстары жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасатынын айтты.
Әкімдік хабарламасында қазіргі уақытта су үздіксіз сорылып, қауіпсіз аймақтарға бұрылып жатқаны, жалпы **250 адам** жұмылдырылғаны көрсетілген. Қосымша көмек ретінде **ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімі** тартылған. Сондай-ақ түнгі ауысымда **65 техника** жұмыс істейтіні, мамандар жағдайды тұрақтандыру және жиналған суды толық сорып шығару үшін тәулік бойы жұмысын жалғастырып жатқаны айтылды.
Су басу жағдайлары облыстың басқа аудандарында да тіркеле бастаған.
**ТЖМ** мәліметінше, облыс құтқарушылары еріген қар суының ағынынан шыға алмай қалған автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетті.
Ведомство хабарламасында **Абай облысы Ақсуат ауданы Екпін ауылдық округінде** жеңіл көлікпен дала жолымен жүрген ер адамдар еріген қар суының ағынына түсіп, өздігінен сайдан шыға алмағаны айтылған. Оқиға орнына **40 шақырым** жүріп жеткен құтқарушылар көліктен **үш адамды** эвакуациялап, елді мекенге жеткізген. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмаған.
Құтқарушылар көктемгі қар еруі және еріген су пайда болатын кезеңде қала сыртындағы және топырақ жолдармен жүргенде ерекше сақ болуға шақырды.
Бұған дейін **Қазгидромет** синоптиктері **2026 жылы** Қазақстан өңірлеріндегі су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды атаған. Негізгі гидрологиялық болжамға сәйкес, су тасқынының ең жоғары ықтималдығы **Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысында** күтіледі. Су тасқыны қаупінің орташа деңгейі **Қостанай, Павлодар, Алматы және Ақтөбе облыстарында** болжанған.


