Швецияның жағалау күзеті Балтық теңізінде Sea Owl I танкерін ұстады

Швецияның жағалау күзеті Балтық теңізінде Комор аралдарының туы астында жүрген Sea Owl I танкерін ұстады. Еуроодақ бұл кемені Ресейдің «көлеңкелі флотына» жатқызады.
Ведомство хабарламасына сәйкес, жағалау күзетінің қызметкерлері полициямен бірге кемеге мініп, оның жүзуге жарамдылығына қатысты тергеуді бастады.
Жағалау күзетінің мәліметінше, танкер Швецияның кеме тізіліміне тіркелмеген, жалған ту астында жүреді және Ресейдің Украинаға қарсы жалғасып жатқан соғысына байланысты ЕО-ның санкциялық тізіміне 2025 жылғы 24 қазаннан бері енгізілген.
«Біздің ортақ бағалауымыз бойынша, борттағы қауіпсіздік талаптарының бұзылу қаупі жоғары. Осы негізде кемеге бейбіт өтуге рұқсат берілмейді», — деді жағалау күзетінің жедел бөлім басшысының орынбасары Даниэль Стенлинг.
Ведомствоның дерегінше, соңғы жылдары танкер Ресей мен Бразилия арасында мұнай өнімдерін тасымалдаған. Ұсталған сәтте кемеде жүк болмаған — ол Бразилиядан Приморскіге бағыт алған. Сонымен қатар, кемелерді бақылау қызметі MarineTraffic дерегіне сүйенген мәліметте танкердің Сантус портынан шығып, Таллинге бет алғаны нақтыланады.
Бұл Балтық теңізіндегі осындай сипаттағы қысқа уақыт ішіндегі екінші оқиға. 6 наурызда Швецияның жағалау күзеті Гвинея туы астында Санкт-Петербургке бара жатқан Caffa кемесін ұстаған. Бортта 11 адамнан тұратын экипаж болған, олардың оны — Ресей азаматтары.
Ведомство мәліметінше, бұл кеме де негізінен ресейлік экипажбен жүрген, жалған ту қолданған және Украинаның санкциялық тізімінде болған.


