Қазақстандық ғалымдардың мигрень туралы зерттеуі АҚШ-тағы беделді халықаралық сыйлыққа ұсынылды

Қазақстандық ғалымдардың мигрень туралы зерттеуі АҚШ-тағы беделді халықаралық сыйлыққа ұсынылды.
Зерттеу Harold G. Wolff Lecture Award 2026 марапатына үміткерлер қатарына енді. Бұл сыйлық жыл сайын бас және бет ауыруын зерттеу саласындағы үздік ғылыми жетістіктер үшін табысталады.
Зерттеудің авторлары — Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Ұлттық госпиталі мамандары. Ғалымдар өз пациенттері арасында мониторинг жүргізіп, диагностика үшін халықаралық сауалнаманы қолданған. Барлығы 150 адам тексерілді.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша қатысушылардың шамамен үштен бірінде ауру белгілері анықталған. Бұл көрсеткіш әлемдік деректерге жақын болған.
Мамандардың бағалауынша, мигреньмен әрбір үшінші адам бетпе-бет келуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан үшін мұндай жүйелі деректер алғаш рет алынған.
Қазір ғалымдар жұмыстың кеңейтілген нұсқасын дайындап, оны сыйлықтың ұйымдастыру комитетіне жолдауды жоспарлап отыр. Одан кейін зерттеуді сарапшылар алқасы қарайды. Қорытындыны 1 мамырға дейін жариялау жоспарланған.


