Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

**Қасым-Жомарт Тоқаев** Түркістан облысының әкімі **Нұралхан Көшеровті** қабылдады.
Президент Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалар туралы есеп тыңдады.
Мемлекет басшысына өңір экономикасының өсімі **113,9 пайызды** құрағаны баяндалды. Нұралхан Көшеровтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдері **1 трлн теңгеге** жеткен. **2025 жылы** облыс экономикасына **1,7 трлн теңге** инвестиция тартылған, оның ішінде **1,4 трлн теңге** – жеке инвестициялар. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі **1,4 млрд долларды** құрады.
Президентке өткен жылы **340 млрд теңге** сомасына **58 инвестициялық жоба** іске асырылғаны, соның нәтижесінде **8 мыңнан астам** жұмыс орны құрылғаны хабарланды.
Өңірде **21 индустриялық аймақ** жұмыс істейді. **Turan** арнайы экономикалық аймағы аумағында **315 млрд теңге** сомасына **26 жоба** жүзеге асырылып жатыр.
Ауыл шаруашылығында мақта-тоқыма, жүгері және ет кластерлері дамып келеді. Олардың толық іске қосылуынан кейін **2027 жылға қарай** ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі **479,5 млрд теңгеге** ұлғаяды деп күтіледі.
Сондай-ақ соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны **екі есе** қысқарғаны айтылды. Жұмыспен қамту шараларымен **148 мың адам** қамтылған, жұмыссыздық деңгейі **4,6 пайыз** болған.
Облыс әкімі білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет нысандарының құрылысы, жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары туралы да баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Президент халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, **10 наурызда** Ақордада Президент елдің денсаулық сақтау министрін қабылдады. Кездесу туралы толық мәлімет: **мұнда**.


