Қазақстандағы жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға байланысты Тоқаевтың атына құттықтаулар келіп жатыр, алдын ала нәтижелер жарияланды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның өтуіне орай шет мемлекеттер басшыларынан және халықаралық ұйымдар жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуді жалғастырып жатыр.
Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстандағы конституциялық өзгерістер екі ел арасындағы одақтастық қатынастар мен жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
"Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындылары Сіздің мемлекеттік институттарды нығайту және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытыңызға кең қолдау бар екенін толық растады", – делінген жеделхатта.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев кең ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуына, халықаралық аренадағы беделі мен мойындалуын күшейтуге қызмет ететініне сенім білдірді.
"Халықтың осы маңызды саяси іс-шараға белсенді қатысуы, сондай-ақ оның нәтижелері бауырлас ел халқының Сіздің басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан реформаларды кең қолдайтынының айқын дәлелі", – деп көрсетілген Өзбекстан басшысының жеделхатында.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысын референдумның сәтті өтуімен құттықтап, екіжақты қатынастардың кезең-кезеңімен дами беретініне сенім білдірді.
"Бұл тарихи оқиға еліңіздің одан әрі тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам болатынына сенімдімін. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан бірлік пен тұрақтылық негізінде сенімді дамып келеді, ал оның халықаралық беделі бірізді түрде нығаюда", – деп жазды Садыр Жапаров.
Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев құттықтауында саяси жүйені жаңғырту мен басқару моделін жетілдіруді көздейтін жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін, елдің жан-жақты дамуына және халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко жаңа Конституцияға енгізілген қағидаттарды іске асыру Қазақстанның одан әрі өркендеуіне сенімді негіз болатынын мәлімдеді.
"Плебисцит нәтижелері азаматтардың Сіздің елді жаңғырту және мемлекеттілікті нығайту бағытыңызға жоғары сенімінің кезекті дәлелі болды, қазақстандық қоғамның Әділетті Қазақстан құруға, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ұмтылудағы топтасқанын айқын көрсетті", – делінген құттықтауда.
Сербия Президенті Александр Вучич жылы лебізін жолдады.
"Еліңіздің шынайы әрі адал досы ретінде Сіздің даму жолында және нақты нәтижелер әкелетін өршіл мақсаттарға жету үшін жасап жатқан әр қадамыңызды қанағаттанумен атап өтемін. Бұл үлкен еңбекті, оңай емес шешімдерді қабылдауды және күнделікті де, ұзақ мерзімді міндеттерге де адалдықты талап етеді. Сонымен бірге бұл тәжірибелі әрі дана көшбасшылардың қалай берік шешім қабылдайтынын айқын көрсетеді", – деп жазды серб көшбасшысы.
Армения Премьер-министрі Никол Пашинян жеделхатында жалпыхалықтық дауыс беру нәтижелері Қазақстан Республикасы азаматтарының елдің тәуелсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ заң үстемдігі жағдайында игілікті әрі заманауи қоғам құруға жауапкершілікпен қарайтынын тағы да көрсеткенін жазды.
Құттықтауларды сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков, ЭЫҰ Бас хатшысы Асад Маджид Хан, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және басқалар жолдады.
Президенттің атына құттықтау жеделхаттары келіп түсуді жалғастырып жатыр.
Жаңа Конституция бойынша референдум: алдын ала нәтижелер
16 наурызда Орталық референдум комиссиясында (ОРК) жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумдағы дауыс берудің алдын ала қорытындылары жарияланды. 16 наурыз таңындағы алдын ала дерек бойынша, жаңа Конституцияны қабылдауға 7 954 667 азамат дауыс берген. Бұл дауыс бергендердің 87,15 пайызы. Қарсы болғандар саны — 898 099 адам.

ОРК деректері бойынша, референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны 12 482 613 адамды құрады.
Дауыс беруге 9 127 192 адам қатысты, бұл референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызы.


