Польшада жұмбақ жағдайда жоғалған Екатерина Шилова өлі күйінде табылды

**Польшада жұмбақ жағдайда жоғалған Екатерина Шилова өлі күйінде табылды.** Алдын ала ақпаратқа сәйкес, әйел адам өлтірілген. Бұл туралы марқұмның әпкесі хабарлаған.
Әпкесінің айтуынша, кісі өлтіруге күдікті адам ұсталған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
Қазір отбасы қазақстандық әйелді жерлеу үшін қаражат жинап жатыр. Әпкесінің сөзінше, жерлеу рәсімдерінің барлығына қомақты қаражат қажет.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Екатерина Шилованың Польша аумағында қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.
"Қаза болған адамның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Польшадағы Қазақстан Республикасының Елшілігі марқұмның туған-туыстарымен және жақындарымен, сондай-ақ Польшаның құзырлы органдарымен байланыста және консулдық-құқықтық мәселелердің барлығы бойынша, оның ішінде мәйітті отанына репатриациялау мәселесінде қажетті көмек көрсетіп жатыр", — делінген СІМ хабарламасында.
Еске салайық, шетелде жұмыс істеген 43 жастағы қазақстандық Екатерина ақпан айының соңында жақындарымен байланысқа шықпай қалған. Жоғалған күні ол Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда ұшаққа отырмаған. Ол әпкесіне ұшудан бас тартқанын және Германияда жақсы жұмыс тапқанын жазған. Бұл хабарлама туыстарын алаңдатқан. Осыдан кейін Екатеринамен байланыс үзілген.
Бұған дейін Вьетнамда жоғалған қазақстандық әйел тірі табылған еді.


