Қазақстанда «Наурыз-2026» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Қазақстанда бастапқы жарнасы 20 пайыздан басталатын тұрғын үй бағдарламаларының біріне өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова мәлімдеді.
«Наурыз-2026» бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау 10 наурызда басталып, 31 наурызға дейін жалғасады. Ибрагимованың айтуынша, банк бағдарламаларды іске қосу мерзімдерін бірізді ұстауға тырысады, сондықтан «Наурыз» бағдарламасы жыл сайын бір уақытта іске қосылады.
Үкіметтегі брифингте Ляззат Ибрагимова бағдарламаның негізгі талаптарын атап өтті: өтінім беру үшін шот-депозитте 2 миллион теңге болуы, сондай-ақ өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы және тиісті тексеруден өтуі қажет. Оның сөзінше, бұл — тұрғын үй сатып алудың ең жылдам тәсілдерінің бірі.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, бастапқы жарна — 20 пайыз, ал ең жоғары сома — 36 миллион теңге.
Сонымен қатар банк басшысы әлеуметтік желілерде бағдарламалардың көптігіне қатысты сын айтылатынын және оларды біріздендіру туралы өтініштер түсіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Қамқор», «Елорда жастары», «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер» сияқты бағдарламалар көп болған кезде адамдар мерзімдер мен пайыздық мөлшерлемелер бойынша шатасуы мүмкін.
Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына түсетін жүктемені азайту үшін коммерциялық ипотеканы белсендірек дамыту жоспарланып отырғанын айтты.
Кейін брифингте Ляззат Ибрагимова тұрғын үй бағасының төмендеуі нақты болмайтынын мәлімдеді.
Осыған қатысты: Ипотека мөлшерлемелері мемлекеттік бағдарламаларсыз күрт өсуі мүмкін — «Отбасы банк» басшысы


