Маңғыстау облысында қызды ұрлап, некеге мәжбүрлегені үшін екі ер адам 3 жылға сотталды

Маңғыстау облысында қыз алып қашу және некеге мәжбүрлеу дерегі бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушылар қатарында өңірдің екі тұрғыны болды.
Мұнайлы аудандық сот әрбір айыпталушыны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура Қазақстанның Қылмыстық кодексіне бұған дейін «Неке қиюға мәжбүрлеу» атты жаңа бап енгізілгенін еске салды. Аталған нормаға сәйкес, қызды оның келісімінсіз алып қашу, сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу немесе көндіру дербес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылған. Бұл әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде аталды.
Көрсетілген әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған.
Бұған дейін Алматы қаласында өтіп бара жатқан адамдар супермаркет автотұрағында әйел адамды алып қашу әрекетінен құтқарып қалғаны хабарланған. Оқиға видеоға түсіп қалған. Кейін полицияда бұл оқиға бойынша ешкімнің арызбен жүгінбегені айтылды.
Сондай-ақ: «Өрескел әрі жабайы қылмыс» — Тоқаев Қазақстандағы қыз алып қашу туралы


