Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті.
Пәкістан премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумның сәтті өтуімен құттықтады.
Шахбаз Шариф бұл оқиғаның мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі нығайтуға, институционалдық тұрақтылықты күшейтуге және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған тарихи маңызын атап өтті.
Сондай-ақ ол жалпыұлттық дауыс беру нәтижелері Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағытын қазақ халқының жоғары деңгейде қолдайтынын көрсететінін айтты.
Мемлекет басшысы құттықтауы мен референдум қорытындыларына берілген жоғары баға үшін Пәкістан премьер-министріне алғыс білдірді.
Әңгімелесушілер қазақ-пәкістан стратегиялық серіктестігінің оң серпінін үлкен қанағаттанушылықпен атап өтті. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың ақпан айында Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланды.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасты.
Бұған дейін Ақордада Президенттің атына жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның өтуіне байланысты шет мемлекеттер басшыларынан және халықаралық ұйымдар жетекшілерінен құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп түсіп жатқаны айтылған.


