Иран президенті Масуд Пезешкиан Нахичеванға дрондар шабуылына Тегеранның қатысы жоқ екенін мәлімдеді

Иран президенті Масуд Пезешкиан Әзербайжан аумағына жасалған дрондар шабуылына Тегеранның қатысы жоқ екенін мәлімдеп, болған оқиға бойынша тергеу жүргізілетінін айтты.
Бұл туралы ол Әзербайжан басшысы Ильхам Алиевпен телефон арқылы сөйлесу барысында жеткізді. Әзербайжан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Пезешкиан Алиевке жексенбі, 8 наурыз күні қоңырау шалған.
Әңгіме барысында Иран президенті Алиевтің Бакудегі Иран елшілігіне барғаны үшін алғыс айтып, жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи мен көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ Тегеранға гуманитарлық көмек көрсету ниеті үшін ризашылығын білдірді.
Хабарламада Пезешкианның Нахичеванды әуеден атқылау оқиғасының Иранға қатысы жоқ екенін атап өтіп, болған жағдайдың тергелетінін айтқаны көрсетілген.
Өз кезегінде Алиев Ирандағы соңғы оқиғалар кезінде көптеген бейбіт тұрғынның қаза табуына байланысты көңіл айтуын тағы да жеткізген.
Бұған дейін Ираннан ұшырылған дрондар Нахичеван қаласындағы әуежай аумағына құлағаны хабарланған. Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі оқиға салдарынан әуежай ғимараты зақымданғанын және бірнеше бейбіт тұрғын зардап шеккенін мәлімдеді.
Баку Тегераннан жедел түсініктеме беруді және оқиғаны тергеуді, сондай-ақ мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін шара қабылдауды талап етті. СІМ Әзербайжанның жауап әрекеттеріне құқығын өзінде қалдыратынын атап өтті.
Ал Иран Қарулы күштері Бас штабы Әзербайжан бағытына Иран қарулы күштері тарапынан ұшқышсыз аппарат ұшырылғанын жоққа шығарды.


