Таразда №11 қалалық автобуста жүргізушіге пышақпен шабуыл жасалды

9 наурыз күні сағат 20.00-ден кейін Таразда қоғамдық көлік жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасалғаны туралы хабар полицияға түсті.
Оқиға қалалық №11 автобустың салонында болған. Болған жайтқа қатысты ақпарат желіде тарады.
Куәгерлердің айтуынша, мас жолаушы маршруттың жүру уақыты аяқталғанына қарамастан, жүргізушіден сапарды жалғастыруды талап еткен. Соның салдарынан жанжал шығып, төбелес кезінде жүргізуші пышақ жарақатын алған.
Жамбыл облысының полиция департаменті күдіктінің ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, ал жүргізушінің ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Жарақат алған жүргізуші қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы туралы ақпарат жоқ.
Бұған дейін Алматыда ер адам қалалық автобус жүргізушісіне шабуыл жасап, әйнегін сындырған. Оны полицейлер ұстаған.


