Қазақстанда 7 наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне күш қолдану мен қоқан-лоқы үшін жаза күшейтілді

7 наурызда Қазақстанда Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Өзгерістер медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш қолдану және қоқан-лоқы жасау үшін жазаны қатаңдатуды көздейді.
Түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, қабылданған. Қылмыстық кодексте медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа бап пайда болды.
Құжат нормаларына сәйкес:
- Күш қолданамын деп қорқыту үшін: 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл (865 000-нан 2 162 000 теңгеге дейін), не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған.
- Аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түрінде күшейтіледі.
- Өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану үшін: 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2 162 500-ден 4 325 000 теңгеге дейін), не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру көзделген.
- Өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда — 7 жылдан 12 жылға дейін.
Заңнамалық өзгерістермен қатар медициналық ұйымдарда жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті күшейту шаралары енгізіліп жатыр. Олардың қатарында фельдшерлерді бейнежетондармен жабдықтау, қабылдау бөлімдеріне дабыл түймелерін орнату, бейнебақылау жүйелерін зияткерлік аналитикамен интеграциялау, сондай-ақ 152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттерінің жұмысын қамтамасыз ету бар.
Медицина қызметкерлеріне шабуылға қатысты резонансты оқиғалар
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медициналық мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл тіркелген.
- 2023 жылғы қазан айында Көкшетауда температурасы бар балаға шақыртуға келген медицина қызметкерін екі ер адам ұрып-соққан.
- 2024 жылғы қаңтар айында Қарағандыда, Майқұдықтағы аулалардың бірінде ер адам жедел жәрдем жүргізушісін ұрған. Жергілікті тұрғынға арнайы көліктің қалай қойылғаны ұнамаған.
- Сол жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында мас ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасап, полицияға қарсылық көрсеткен.
- Бірнеше айдан кейін, желтоқсанда, Қостанайда науқас әйелдің туыстары шақыртуға келген жедел жәрдем фельдшерін ұрып-соққан.
- 2025 жылғы маусымда 38 жастағы ер адам Қарағанды облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне шабуыл жасаған. Оларға ми шайқалуы, сынықтар және көгерулер диагнозы қойылған.
Сонымен қатар Қостанайда уролог-дәрігерге пациент тарапынан шабуыл жасалған. Қабылдау кезінде ер адамдар арасында ауызша жанжал болған, нәтижесінде дәрігер реанимацияға түскен.


