«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін!» коалициясы Ұлытау облысына барып, жаңа Конституция жобасын талқылады

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ұлытау облысына барды. Делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Сапарға депутаттар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.
**Жезқазғанда** өңір тұрғындарымен кездесу Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының алаңында өтті. Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін таныстырып, **білім беру, ғылым, мәдениет салаларын дамыту** және **ұлттық бірегейлікті сақтау** мәселелеріне назар аударды.
Кездесуді ашқан Аида Балаева жаңа Конституция жобасында **білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға**, сондай-ақ **ұлттық бірегейлік пен тарихи-мәдени мұраны сақтауға** бағытталған нормалар қамтылғанын атап өтті.
«Жаңа Конституцияда ұлттық мәдениетті дамыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері де нақты көрініс тапты. Мұның бәрі ұлттық бірегейлігімізді сақтауға және рухани құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Жоба аясында білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені қазіргі әлемде адами капитал кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы болып табылады. Күшті мемлекеттің тірегі — прогрессивті ойлайтын ұлт, дамыған мәдениет және жоғары зияткерлік әлеует», — деді Аида Балаева.
Сондай-ақ өзгерістер **демократиялық қағидаттарды нығайтуға**, оның ішінде **сөз бостандығына кепілдік беруге** және сонымен қатар азаматтардың **ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға** бағытталғаны айтылды.
Коалиция мүшелері бұл тақырыпты **Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің** педагогикалық ұжымымен жалғастырып талқылады. Мұнда Конституция жобасының **білім беру жүйесін дамыту** және **барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге** қатысты нормаларына басымдық берілді.
Мәжіліс депутаты **Аманжол Алтай** құжаттың ел тәуелсіздігін, қоғамдық келісімді және мемлекеттің орнықты дамуын одан әрі нығайтуға бағытталғанын айтты.
«Бүгін Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан кезде, жаңа Конституция жобасында білімге, адами капиталға және азаматтардың жасампаз әлеуетіне ерекше орын берілгені аса маңызды. Бұл жай ғана әлеуметтік норма емес, бүкіл ел үшін стратегиялық бағдар. Өйткені күшті мемлекет мектептен, мұғалімнен, ойлайтын, жауапты және білімді ұрпақты тәрбиелеуден басталады. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы дәл білім арқылы қалыптасады, сондықтан халық бұл бағытты референдумда қолдайды деп сенемін», — деді депутат.
Кездесулер барысында құжатқа қатысты сын да талқыланды. Аида Балаева мұны қоғамдағы **саяси мәдениеттің өсуін** көрсететін табиғи құбылыс деп бағалады. Сондай-ақ ол конституциялық реформаны президенттік билікті күшейту әрекеті ретінде сипаттайтын пікірлерге қатысты түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта қоғамда жаңа Конституцияға қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Бұл — табиғи құбылыс. Азаматтардың Негізгі заңның әр бабын мұқият зерделеп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын талқылауы қоғамның саяси мәдениетінің өскенін және азаматтық жауапкершіліктің күшейгенін білдіреді. Кейбір азаматтар Конституцияға енгізілген өзгерістерді президенттік билікті күшейту әрекеті ретінде бағалайтыны жасырын емес. Алайда мұндай тұжырымдардың негізі жоқ. Жаңа Конституцияда, керісінше, Президент өкілеттіктеріне белгілі бір шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, оның нормаларына сәйкес Президент жеті жыл мерзімге және тек бір мерзімге сайланады, ал оның жақын туыстары жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындала алмайды. Шын мәнінде Мемлекет басшысына суперпрезиденттік модель қажет емес. Керісінше, қазіргі күрделі әрі тұрақсыз геосаяси кезеңде елге тыныштық пен мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз ете алатын және ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты Президент қажет», — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Жезқазғанда **Kazakhmys** компаниясының зауыттарының бірінде өткен тағы бір кездесуде қатысушылар алдағы **республикалық референдумның** маңызын талқылады. Кәсіпорын қызметкерлері конституциялық реформаны қолдайтынын білдіріп, азаматтардың дауыс беруге қатысуының маңызын атап өтті.
Сапар аясында делегация **Сәтбаевтағы «Анненская» шахтасының** жұмысшыларымен де кездесті. Онда Конституцияның **әділдік, заң және еңбекке құрмет** қағидаттарын нығайтудағы рөліне назар аударылды.
Сонымен бірге өнеркәсіпке қатысты заманауи сын-қатерлер, оның ішінде **цифрландыру** және **цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау** мәселелері көтерілді. Жаңа Конституция жобасында **қауіпсіздік кепілдіктері**, соның ішінде **жеке деректерді және цифрлық коммуникацияларды қорғау** қарастырылғаны айтылды.
Кездесулер қорытындысында коалиция өкілдері өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, **15 наурызда өтетін республикалық референдумға** азаматтардың қатысуының маңызын атап өтті.


