Вьетнамда Қазақстан азаматы Асем жоғалып кетті: СІМ жағдай бақылауда екенін мәлімдеді

**Вьетнамда Қазақстан азаматы жоғалып кетті.** Жоғалған азаматшаның әпкесі әлеуметтік желіде Асемді іздеуге көмектесуді сұрап, үндеу жариялаған. Оның айтуынша, Асем 6 наурыз күні Хошимин қаласында байланысқа шығуды тоқтатқан.
Әпкесінің мәліметінше, **26 жастағы Асем** Қазақстан консулымен кездесуге **Ханойға ұшуды жоспарлаған**. Алайда әуежайдан **20 шақырым** қашықтықта жүрген кезде қыз байланысқа шықпай қалған.
Туыстарының айтуынша, жоғалар сәтінде Асем қатты қорыққан және **біреулер өзін аңдып жүр** деп мәлімдеген.
Оқиғаға Қазақстанның **Сыртқы істер министрлігі** пікір білдірді.
"Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі азаматшаның туыстарымен байланыста және Вьетнамның құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасап отыр. Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Жағдай ҚР СІМ бақылауында", — делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ Асемнің отбасы Вьетнамда немесе көршілес елдерде жүрген, сондай-ақ сол жақта таныстары не туыстары бар адамдардан іздеу жұмыстарына көмектесуді сұраған. Әсіресе WhatsApp пен Telegram желілеріндегі туристік және жергілікті қауымдастықтарға назар аударуды өтінген.
Бұған дейін Қазақстан азаматы Польшада да жұмбақ жағдайда жоғалғаны айтылған. Ол Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда ұшаққа отырмаған.


