Вьетнамда Қазақстан азаматы жоғалып кетті: 26 жастағы Асем 6 наурыздан бері байланысқа шықпаған

Вьетнамда Қазақстан азаматы жоғалып кетті. Қыз 6 наурыз күні Хошимин қаласында байланысқа шығуын тоқтатқан.
Жоғалған қазақстандықтың әпкесінің үндеуі әлеуметтік желілерде жарияланды. Оның айтуынша, 26 жастағы Асем Қазақстан консулымен кездесуге Ханойға ұшуды жоспарлаған. Алайда әуежайдан 20 шақырым қашықтықта қыз байланысқа шықпай қалған.
Туыстары Асем жоғалған сәтте қатты қорыққанын, біреудің өзін аңдып жүргенін айтқанын жеткізді.
Асемнің отбасы Вьетнамда немесе көрші елдерде жүргендердің, сондай-ақ сол жақта таныстары не туыстары бар адамдардың іздеуге көмектесуін сұрайды. Әсіресе WhatsApp пен Telegram-дағы туристік және жергілікті қауымдастықтарға назар аударуды өтінген.
"Егер Вьетнамда туыстарыңыз немесе достарыңыз болса, бізбен байланысыңыздар. Сондай-ақ, мүмкіндік болса, полиция мен ауруханаларға хабарласыңыздар", — деді әпкесі.
Редакция Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сұрау жолдаған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан азаматы Польшада жұмбақ жағдайда жоғалғаны хабарланған. Әйел Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда ұшаққа отырмаған.


