«Ордабасы» мен «Ақтөбе» жастар командаларының жолдастық ойыны жаппай төбелеспен аяқталды: бір ойыншы ауруханаға түсті, біреуі қамауға алынды

**«Ордабасы»** мен **«Ақтөбе»** жастар командалары арасындағы жолдастық матч жаппай төбелеспен аяқталды. Оқиға салдарынан бір қатысушы ауруханаға жеткізіліп, тағы бірі қамауға алынды.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең тарады. Кадрлардан алаң иелерінің капитаны «Ақтөбе» ойыншысын ұрғаннан кейін алаңда жаппай төбелес басталғаны байқалады.
«Ақтөбе» клубының мәліметінше, жанжал екінші таймның басында ойын эпизодтарының бірінен кейін туындап, кейін жаппай төбелеске ұласқан. Нәтижесінде «Ақтөбенің» екі жас ойыншысы ауруханаға жеткізілген: біреуінің жақ сүйегі сынған, екіншісі иек тұсынан жарақат алған. Клуб футболдағы зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, тиісті органдардың оқиғаны мұқият тергейтініне сенім білдірді.
Кейінірек «Ақтөбе» тарапынан жарақат алған ойыншыға операция жасалып, оның сәтті өткендігі айтылды.
«Ордабасы» клубы төбелеске қатысушыларға қандай да бір санкциялар қолданылатыны туралы сұраққа ресми мәлімдеме дайындалып жатқанын хабарлады.
Кездесу оқиғадан кейін тоқтатылғаны да атап өтілді.
Шымкент полициясы төбелеске қатысушылардың ұсталғанын және оқиға бойынша бұзақылық белгілерімен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тексеру барысында жанжалды бастаған адам «Ордабасы» командасының капитаны екені анықталып, оның қамауға алынғаны айтылды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, құқықтық баға заңнамаға сәйкес берілетіні көрсетілді.
Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы бұл матч олардың қолдауымен өтпегендіктен, өз тарапынан жеке тергеу бастай алмайтынын, тергеуді жергілікті футбол федерациясы бастауы тиіс екенін мәлімдеді.
Шымкенттегі жаппай төбелес қазақстандық футболдағы мұндай жалғыз жағдай емес. Өткен жылы 15 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Қазақстан чемпионаты матчтарының бірінің соңында «Екібастұз» бен «Тұран» командаларының ойыншылары да жаппай төбелес шығарған.


