Ақордада Digital Qazaqstan жобасын іске асыру мәселелері талқыланды

Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасын іске асыруға арналған жұмыс кеңесі өтті.
Президент қазіргі Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік құрылымдардың ауқымды жұмыс атқаруы тиіс екенін еске салды. Ол, әсіресе, отандық IT-бизнесті дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беруге шақырды.
Тоқаевтың айтуынша, бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, Astana Hub базасында қолайлы кәсіпкерлік орта қалыптастырылып, отандық IT-қызметтердің экспорты бір миллиард долларға жуықтаған. Президент мемлекеттік қолдау интеллектуалдық меншік қалыптастыратын және экспортқа бағдарланған жобаларға көрсетілуі тиіс екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп саласында ІИ-технологияларын енгізуді ынталандыру және цифрлық төлем инфрақұрылымы бойынша мәселелерді шешу маңызды екенін атап өтті.
Оның сөзінше, экономиканың нақты секторында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану — елдің технологиялық егемендігі мен экономикалық өсіміне тікелей қатысты аса маңызды міндет.
Президент Үкімет алдында өнеркәсіпке озық технологияларды енгізуге арналған нақты ынталандыру тетіктерін қалыптастыру міндеті тұрғанын айтты.
Сондай-ақ ол азаматтарға арналған банктік қызметтерге жеке тоқталып, өзінің тапсырмасымен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын құрғанын жеткізді. Бұл инфрақұрылым аясында банкаралық QR-төлемдер мен аударымдар, сондай-ақ цифрлық теңгемен есеп айырысу жүзеге асырылады. Президенттің айтуынша, бұл төлем делдалдарының тізбегін қысқарту арқылы шығындарды едәуір төмендетеді. Инфрақұрылымға барлық банктердің қосылуы заңнамалық түрде міндеттелгенімен, ірі банктер бұл талапты орындауды созып жүргенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бөлек ұлттық есептеу инфрақұрылымын дамыту қажеттігін де атап өтті.



