Қазақстан СІМ АҚШ-та ұсталған екі қазақстандыққа қатысты мәліметке пікір білдірді

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та екі қазақстандықтың ірі көлемдегі кокаин партиясымен ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Қазақстанның АҚШ-тағы дипломатиялық өкілдігі ұсталғандардың адвокаттарымен де, туыстарымен де байланыста.
"Біздің АҚШ-тағы дипломатиялық өкілдігіміз адвокаттармен де, ұсталғандардың туыстарымен де байланыста, барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп отыр. Тергеу жүріп жатыр, өзге ақпарат жариялауға жатпайды", — деді Жетібаев.
Не болды 2025 жылғы қазанда АҚШ-та екі қазақстандық ірі көлемдегі кокаин партиясын тасымалдады деген айыппен ұсталды.
Техас штатындағы Чемберс округі шерифі кеңсесінің мәліметінше, көлік тексеру үшін тоқтатылған. Тінту барысында құқық қорғау органдары көліктен шамамен 35 килограмм кокаин тапқан.
Нью-Йорктен жүргізуші Нұрсұлтан Мұқтаралы және Пенсильваниядан жолаушы Мұхит Дәнибеков ұсталды. Оларға аса ірі көлемде есірткі сақтады деген айып тағылған, бұл АҚШ-та бірінші дәрежелі қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылады. Ұсталғандар Чемберс округінің түрмесіне қамалған.
Сонымен қатар, Мұхит Дәнибековтің ағасы Жомарт үндеу жариялап, олардың кінәсіз екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, алысқа жүк тасымалдайтын жүргізуші болып жұмыс істейтін Мұхит пен әріптесі Нұрсұлтан автокөліктерді тасымалдаған және олардың бірінде есірткі болғанын білмеген.


