Павлодарда зейнеткерді тонауға оқталған күдікті ұсталды

Павлодарда полицейлер зейнеткер әйелді тонауға оқталды деген күдікпен ер адамды ұстады.
Оқиға 11 наурыз күні Камзин көшесіндегі үйдің кіреберісінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам зейнеткерді көкөніс дүңгіршегінің маңында байқап, ол азық-түлік сатып алғаннан кейін артынан кіреберіске дейін еріп барған. Лифт күтіп тұрған кезде олардың арасында қысқа әңгіме де болған. Кабина келгенде ер адам әйелді алдымен кіргізіп, өзі соңынан кіріп, оның қолындағы азық-түлік салынған пакеттері мен әмиянын жұлып алуға әрекеттенген. Бұдан кейін шабуылын баспалдақ алаңында жалғастырған.
Бейнебақылау камераларындағы жазбада ер адамның зейнеткерді баспалдақпен сүйреп, сөмкелерін тартып алуға тырысқаны көрінеді. Алайда қарт әйел соңына дейін пакеттерін жібермеген. Нәтижесінде күдікті азық-түлік салынған сөмкелерді ала алмай, қашып кеткен.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін жедел қызметкерлер бейнебақылау жазбаларын қарап, күдіктінің жеке басын анықтаған.
Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжановтың айтуынша, жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде бұрын сотталған Екібастұз тұрғыны анықталып, ұсталған және уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Оқиға бойынша тонауға оқталу фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ ұсталған адамның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы болуы мүмкіндігі тексеріліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, шабуыл салдарынан зейнеткер әйел ауыр жарақат алмаған және медициналық көмекке жүгінбеген.


