Екібастұзда мас күйдегі топ дәрігер мен медбикені соққыға жықты

Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде 12 сәуір күні таңертең дәрігер мен медбикеге қатысты күш қолдану оқиғасы тіркелді.
Медициналық көмекке жақ сүйегі жарақаттанған ер адам екі досының еріп келуімен жүгінген. Үшеуі де алкогольдік мас күйде болған.
Тексеру кезінде дәрігер-травматолог еріп келгендерді сыртқа шығуды сұраған. Алайда олардың біреуі бас тартып, агрессивті мінез көрсетіп, балағат сөздер айтып, дәрігердің жұмысына кедергі келтірген.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдардың бірі есікті итеріп жіберіп, есік дәрігердің басына тиген. Медик оларды бөлмеден шығаруға әрекеттенген кезде, ер адамдар оған тап беріп, соққы жасай бастаған.
Нәтижесінде дәрігер көптеген жарақат алып, есінен танып қалған. Әріптесін қорғауға тырысқан медбике де шабуылға ұшырап, дене жарақатын алған. Екеуі де ауруханаға жатқызылды.
Полиция қызметкерлері оқиға орнында үшеуін де жедел ұстады. Қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, үшіншісі конвой күзетімен ауруханада жатыр.
t.me/kriminal_kazakhstan


