Қазақстан боксшылары Бангкоктағы «Болашақ кубогында» үш алтын медаль жеңіп алды

Бангкокта өтіп жатқан «Болашақ кубогы» турнирінде қазақстандық боксшылар Айдана Убайдуллақызы, Досжан Жұмақан және Хамза Мақсатұлы 3 алтын медаль жеңіп алды.
Алғаш болып рингке 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Айдана Убайдуллақызы шықты. Оның қарсыласы Өзбекстан өкілі Асалой Бахтиёрова болды. Жекпе-жек қорытындысында қазақстандық боксшы жеңіске жетті: екінші раундта төреші екінші нокдауннан кейін кездесуді тоқтатты.
Одан кейін 60 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Досжан Жұмақан Таиланд спортшысы, ринг қожайыны Сива Чайнаронгпен кездесті. Нәтижесінде қазақстандық боксшы төрешілердің бөлінген шешімімен (3:2) жеңді.
Келесі болып рингке 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Хамза Мақсатұлы шықты. Оның қарсыласы Өзбекстаннан Сухроб Рахматуллаев болды. Жекпе-жек төрешілер шешімімен (4:1) қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды.
Күндізгі сессияны Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары арасындағы тағы бір кездесу қорытындылады. Рингке Жалғас Утебеков көтеріліп, қарсыласы Асадбек Султанбоев болды. 90 келіге дейінгі салмақта өткен жекпе-жек Өзбекстан боксшысының пайдасына (0:5) аяқталды.
Осылайша, күндізгі сессиядан кейін Қазақстан құрамасының қоржынында «Болашақ кубогы» турнирінде 3 алтын және 1 күміс медаль бар.
Келесі сессияда Қазақстан құрамасының тағы 4 өкілі финалда жұдырықтасады. Бұл сессия 13:30-да басталады.


