Улан-Батордағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасынан 8 боксшы финалға шықты

Бүгін, 7 сәуірде, Улан-Баторда (Моңғолия) өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында барлық жартылай финалдық жекпе-жектер аяқталды. Турнирде финалистер саны бойынша Қазақстан құрамасы Үндістанмен бірге көш бастап тұр.
Қазақстаннан жартылай финалға шыққан 13 боксшының 8-і құрлық біріншілігінің алтыны үшін финалда жұдырықтасады. Үндістан құрамасы да дәл осындай нәтижеге қол жеткізді, ал Өзбекстаннан финалға жеті спортшы өтті.
Турнир қожайындары — Моңғолия құрамасынан финалға екі ғана өкіл шықты. Екеуі де жартылай финалда қазақстандық боксшыларды жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды.
Қазақстандықтар қай салмақ дәрежелерінде алтын үшін таласады
Финалдық жекпе-жектер Улан-Баторда 9 және 10 сәуірде өтеді. 9 сәуірде алтын үшін үш қазақстандық боксшы қыз, ал 10 сәуірде бес ер боксшы бақ сынайды.
9 сәуір. Финалдар
- 70 кг дейін: Бакыт Сейдиш — Арундхати Чоудхари (Үндістан);
- 80 кг дейін: Надежда Рябец — Рухшона Парпиева (Өзбекстан);
- 80 кг-нан жоғары: Дина Исламбекова — Патан (Үндістан).
10 сәуір. Финалдар
- 60 кг дейін: Оразбек Асылкулов — Сачин (Үндістан);
- 70 кг дейін: Торехан Сабырхан — Зияд Ешааш (Иордания);
- 75 кг дейін: Сабыржан Аккалыков — Жавохир Абдурахимов (Өзбекстан);
- 85 кг дейін: Нурбек Оралбай — Жасурбек Юлдошев (Өзбекстан);
- 90 кг-нан жоғары: Айбек Оралбай — Данабек Байгазы (Қытай).
Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының бес өкілі қола жүлдемен шектелді. Олар: Махмуд Сабырхан, Сагындык Тогамбай, Айгерим Саттыбаева, Ертуган Зейнуллинов және Валентина Хальзова. Тағы жеті спортшы турнирде жүлдеге жете алмады.


