Қазақстаннан Ресейге майнинг жабдығын заңсыз шығаруға әрекет жасалды: 8 тоннадан астам сервер тәркіленді

Қостанай облысында Қазақстаннан Ресейге құны 500 миллион теңгеден асатын майнинг жабдығын алып шығуға әрекет жасалғаны анықталды.
2025 жылғы 18 қазанда Қостанай облысы Беймбет Майлин ауданы аумағындағы «Аят» автокөлік өткізу пунктінде Ресейге жалпы салмағы 8 тоннадан асатын майнинг серверлерін әкету әрекеті тіркелді.
Прокуратура мәліметінше, бұл жабдық экспорттық бақылауға және лицензиялауға жататын арнайы тауарлар санатына кіреді. Алайда ЖШС-те рұқсат құжаттары болмаған.
Аталған дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бірінші сатыдағы сот ЖШС-ті кінәлі деп танып, 98 300 теңге айыппұл салғанымен, міндетті қосымша шара — құқық бұзушылық затының тәркіленуін қолданбаған.
Облыстық прокуратура сот шешімімен келіспей, тәркілеуді міндетті түрде қолдану бөлігінде апелляциялық өтініш енгізді. Ведомствоның түсіндіруінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 45-бабына және Жоғарғы соттың түсіндірмелеріне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық заттары мемлекет меншігіне өтеусіз айналдырылуға тиіс.
Апелляциялық қарау нәтижесінде сот майнинг жабдығын тәркіледі. Облыстық соттың қаулысы заңды күшіне енді, ал мүлік мемлекет кірісіне айналдырылатын болады.


