Астанада Ерлан Қарин алдағы референдумның маңызы мен жаңа Конституцияның қағидаттарын атап өтті

Бүгін Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алдағы референдумның маңызын және жаңа Негізгі заңның философиясын атап өтті. Оның айтуынша, реформалардың басты қозғаушы күші — ұлттық бірлік пен халықтың сенімі.
Мемлекеттік кеңесші сөзін ел бірлігіне қызмет етудің жоғары мәнін айқындаудан бастады.
«Үш жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Мемлекет басшысы: \"Ел бірлігін нығайтуға қызмет ету – ең жауапты әрі ең игілікті іс\" деп атап өтті. Мен Президенттің осы сөздерін түрлі кездесулерде үнемі келтіремін. Бірлікте болу және бірлікке қызмет ету – ең жоғары игілік, өйткені жұмылған жұмыстың нәтижесі әрдайым ауқымдырақ болады», – деді Ерлан Қарин.
Ол конституциялық реформаның бүкілхалықтық сипатын атап өтіп, жаңа Негізгі заңның ұзақ әрі жан-жақты талқылаудан өткенін айтты.
«Жеті айдан астам уақыт бойы пысықталған конституциялық реформа қоғамның ынтымағы мен халықтың топтасқанын көрсетеді. Жаңа Негізгі заңды әзірлеуге мыңдаған адам қатысты. Сондықтан жаңартылған Конституция еліміз үшін жасампаз әрі тағдыршешті мәнге ие болады деп сенемін», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин өңірлердегі кездесулердің қорытындыларына тоқталып, азаматтардың реформаларға шынайы қызығушылық танытқанын және Мемлекет басшысына сенім білдіретінін жеткізді.
«Азаматтарымыздың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдайды. Бұл қолдаудың негізінде Мемлекет басшысына және оның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге деген сенім жатыр. Халықтың сенімінсіз реформаларды бастау өте қиын болар еді. Дәл халықтың қолдауы бізге осындай жүйелі өзгерістерді жүргізуге күш береді», – деді ол.
Сонымен бірге Мемлекеттік кеңесші қоғамдағы пікір алуандығы мәселесін де қозғады.
«Бүгін еліміздің әрбір азаматы өз ойын, пікірін еркін білдіруге құқылы. Сондықтан болып жатқан өзгерістерді біреу қолдайды, біреу сынайды, ал біреу сұрақ қояды. Бұл — біз ұмтылып отырған ашық қоғамның белгісі. Алайда сынайтындар кейде ұлттық бірегейлікті, аумақтық тұтастықты және дәстүрлі құндылықтарды қорғауға бағытталған нормаларға қарсы шығып жатқанын түсіне ме?» – деп сұрақ қойды ол.
Ерлан Қариннің айтуынша, жаңа Конституцияның басты миссиясы — саяси көзқарасына қарамастан әрбір қазақстандықтың құқығын қорғау.
«Түптеп келгенде жаңа Конституция бәріне бірдей қорған болады және тең кепілдіктер береді: оны қолдағандарға да, күмәнданғандарға да. Ертең азаматымыз әлемнің қай түкпірінде қиын жағдайға тап болса да, мемлекет оны жалғыз қалдырмайды. Жаңа Конституцияда \"әрбір азамат – мемлекеттің басты құндылығы\" қағидаты нақты бекітілген», — деп нақтылады Мемлекеттік кеңесші.
Сөз соңында Ерлан Қарин референдум өтетін күнді Жаңару күні деп атап, оның тарихи маңызын ерекше айтты.
«15 наурыз – бұл жай ғана референдум күні емес, бұл — Жаңару күні. Егер азаматтар қолдау білдірсе, біз жаңа дәуірге қадам басамыз. Адамдарды тұрғын үйінен заңсыз шығармайды, дербес деректер қорғалады, ал халық егемендіктің жалғыз иесі ретінде танылады. Жаңа Конституция үлкен инновациялар мен игі істердің бастауы болсын!» – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.


