Алматыда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум аяқталды: алдын ала дерек бойынша қатысу 33,43% болды

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының алдын ала деректеріне сәйкес, Алматы қаласында референдумға қатысу деңгейі 33,43% болды. Бұл көрсеткіш 2020 жылдан бергі референдумдардағы көрсеткіштерден жоғары.
Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум аяқталды. Алматыда тұрғындар таңертеңнен бастап белсенділік танытып, дауыс беруге қызығушылық жоғары болғаны атап өтілді. Көптеген сайлау учаскелерінде қала тұрғындарын музыкамен және шағын қойылымдармен қарсы алып, мерекелік атмосфера қалыптастырылды.

Қалада 07:00-ден бастап 653 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ашылғаннан кейінгі алғашқы сағаттардың өзінде бірқатар учаскелерде дауыс берушілер кезекке тұрған.
Кейбір учаскелерде сайлаушыларды ұлттық киіммен, ростовой қуыршақтармен қарсы алып, фотозоналар ұйымдастырылды, музыка ойнады. Мысалы, «Әжелер хоры» қатысушылары халық әндерін орындап, дәстүрлі шашу рәсімін өткізді. Мұндай элементтер дауыс беру үдерісін әсерлі етіп, тұрғындар суретке түсіп, әсерлерімен әлеуметтік желілерде бөлісті. Сонымен қатар креативті сайлаушылар да назар аудартты: алматылық барс — Әділет, Супермен, Железный человек, Джокер, пингвин, әлеуметтік желі «Тредс» бейнесі — алматылықтар келген костюмдердің бір бөлігі ғана.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да қаладағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді. Қаладағы коммуналдық және өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері, құрылыс компанияларының ұжымдары және бизнестің өзге салалары да белсенділік танытты.

Дауыс беруге белгілі қоғамдық қайраткерлер, мәдениет және спорт өкілдері де қатысты. Азаматтық борышын әртістер, музыканттар, театр және кино актерлері, сондай-ақ ардагерлер мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері орындады. Олардың көпшілігі учаскелерге отбасымен келіп, ел тағдырында әр азаматтың қатысуының маңызын атап өтті.
Жастардың белсенділігі ерекше байқалды: көптеген алматылықтар учаскелерге алғаш рет келіп, бұл оқиғамен әлеуметтік желілерде бөлісті.
Референдум күні қала билігі қоғамдық көлікте тегін жол жүруді қамтамасыз еткені еске салынды. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Брайль қарпі бар трафареттер дайындалып, кабиналар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімделді. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін «Инватакси» қызметі жұмыс істеді. Егде жастағы адамдар тасымалданатын жәшікпен үйде дауыс бере алды.
Жалпы, дауыс беру тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтті. Әртүрлі қоғамдық бірлестіктерден келген бақылаушылар қандай да бір заңбұзушылықтарды тіркемегені айтылды.


