Норвегияда АҚШ елшілігінің консулдық бөлімі кіреберісінде жарылыс болды: полиция террорлық акт нұсқасын да қарастыруда

Норвегияның астанасы Ослода 8 наурызға қараған түні АҚШ елшілігінің консулдық бөлімі кіреберісінде жарылыс болды. Оқиға адам шығынынсыз өтіп, тек аздаған материалдық залал келтіргені хабарланды.
Осло полициясы бұл оқиға террорлық акт болуы мүмкін екенін мәлімдеп, сонымен қатар басқа да ықтимал себептерді тексеріп жатқанын атап өтті.
Полиция қылмыскерлерді іздестіріп жатыр, алайда әзірге «күдіктілер жоқ», деді полиция бөлімшесінің басшысы Фроде Ларсен баспасөз мәслихатында.
Жарылыстың себептері туралы толық мәлімет берілмеді. Полиция тек «жарылғыш құрылғы» қолданылғанын хабарлады.
Оқиға орнында консулдық бөлім кіреберісіндегі қардың үстінде әйнек сынықтары, қалың шыны есіктегі жарықтар, сымдарға салбырап тұрған шамдар, сондай-ақ есіктің түбіндегі жерде жарылыстан қалуы мүмкін қара іздер байқалған.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Жергілікті уақытпен шамамен 1:00-де (Қазақстан уақытымен 5:00) болған жарылыстан кейін тұрғындар елшілік маңында қалың түтін көргенін айтты.
Құқық қорғау органдары куәлардан жауап алып, қылмыскерлерді іздестіруді жалғастырып жатыр. Оқиға орнын тексеруге иттер, дрондар және тікұшақтар тартылған.
Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін өзге ештеңе табылмағаны айтылды. Елшілік орналасқан көше көлік қозғалысы үшін жабылды.


