Қостанай облысындағы Сергеев су қоймасында екі балықшы мұз астына түсіп кетті

Қостанай облысындағы Сергеев су қоймасында кешкі уақытта екі балықшы мұз астына түсіп кетті.
Оқиға Рудный қаласынан 10 шақырым қашықтықта болған.
Облыстық ТЖД мәліметінше, екі ер адам мұз үстімен қозғалып келе жатып, суық суға құлаған. Оқиға орнына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жедел жетіп, қызметтердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде екі азамат та құтқарылған.
Ер адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін жедел жәрдем бригадасы оларды Рудный қалалық ауруханасына жеткізді.
ТЖМ көктем мезгілінде мұздың жұқарып, қауіпті болатынын ескертті. Мұзға шығу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Сондай-ақ 2026 жылғы ақпанда Қапшағай су қоймасында ішінде екі әйел отырған жеңіл көлік мұз астына түсіп кеткені айтылды. Ол жағдайда да құтқарушылар оларды аман алып қалған.


