Иран СІМ Аббас Аракчи Таяу Шығыстағы атысты тоқтату үндеулерін қабылдамады

**Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи** Таяу Шығыста атысты тоқтату туралы үндеулерді қабылдамай, Иранға халық пен ұлттық қауіпсіздік үшін «күресті жалғастыру» қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол АҚШ әскерлері ел аумағына енгізілген жағдайда Тегеранның жауап әрекеттеріне дайын екенін айтты.
Бұл туралы ведомство басшысы **жексенбі, 8 наурыз күні** NBC News-ке берген сұхбатында мәлімдеді.
«АҚШ пен Израиль *біздің халқымызды өлтіріп жатыр, олар студент қыздарды өлтіріп жатыр, білесіз бе, олар ауруханаларға шабуыл жасап жатыр*», — деді ол.
Аракчидің айтуынша, Израиль мен АҚШ өткен жылы болған **12 күндік соғысты** аяқтау үшін қол жеткізілген атысты тоқтату режимін бұған дейін-ақ бұзған.
«Енді сіздер қайтадан атысты тоқтатуды сұрағыңыз келе ме? Бұл олай жұмыс істемейді», — деп қосты министр.
Оның пікірінше, «соғысты түпкілікті және тұрақты тоқтату» қажет.
«Бұл болмайынша, менің ойымша, халқымыз бен қауіпсіздігіміз үшін күресті жалғастыруымыз керек», — деді ол.
Аракчи Иранның көрші елдерге әдейі соққы жасамайтынын түсіндірді.
«Біз америкалық базаларға, америкалық нысандарға, америкалық активтерге соққы жасаймыз, өкінішке қарай, олар көршілеріміздің аумағында орналасқан», — деді ол.
Министр Иран президенті **Масуд Пезешкианның** өңір тұрғындарынан «АҚШ тарапынан жасалған агрессия және біздің жауап соққымыз салдарынан туындаған қолайсыздықтар» үшін кешірім сұрағанын атап өтті.
Аракчи сондай-ақ АҚШ Иранға құрлық әскерін жіберсе, «біздің жерімізге кірген кез келген жаумен соғысуға, оны өлтіруге және жоюға дайын өте батыл сарбаздарымыз бар» деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Пезешкиан көрші елдердің басшыларына үндеу жасаған. Ол әлеуметтік желі **X**-те Иранның соғыстың алдын дипломатиялық жолмен алға тартқанын, алайда АҚШ пен Израильдің әскери агрессиясы қорғанудан басқа таңдау қалдырмағанын жазған.
**Сондай-ақ оқыңыз:** Тегеран Таяу Шығыс елдеріне талап қойды


