Тоқаев жаңа Конституция мәтінін әзірлеуге қатысқанын айтты



















**Қасым-Жомарт Тоқаев** Астанада өткен мәслихаттардың барлық деңгейдегі депутаттарының **ІІІ республикалық форумында** жаңа Конституция мәтінін әзірлеуге өзінің тікелей қатысқанын айтты.
Президенттің сөзінше, ол Мемлекет басшысы ретінде жаңа Конституцияның мәтінін дайындау барысында әрбір тарау мен әрбір бапқа жеке мән берген.
«Шынын айтқанда, мен Мемлекет басшысы ретінде жаңа Конституция мәтінін әзірлеуге тікелей қатыстым, оның әрбір тарауына және әрбір бабына назар аудардым. Әрбір сөздің мәнін терең қайта пайымдап, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссия мүшелеріне жолдадым. Біз сондай-ақ терминологияны қазақ тілінің талаптарына сәйкестендіруге ерекше көңіл бөлдік», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Конституцияда «**Қазақстан аумағының тұтастығы**» деген ұғым бар екенін атап өтіп, оның мәні жағынан «**жердің тұтастығы**» деп берілуі тиіс деген пікірге сарапшылардың назарын аударғанын айтты.
Ол «туған жер» қазақ халқы үшін қасиетті ұғым екенін, ата-бабалардың әр қарыс жер үшін жанын қиғанын және ұлан-ғайыр даланы болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, «жердің тұтастығы» тіркесі төл қазақы ұғым ретінде халықтың дүниетанымына сай келеді. Алайда «**аумақтық тұтастық**» термині халықаралық құқық деңгейінде орныққанын ескере отырып, Конституциялық комиссия мүшелерінің басым бөлігі тұжырымдаманы өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдаған.
«Бұл мысал жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында әрбір норма мен баптың қаншалықты қызу талқыланғанын айқын көрсетеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғам тарапынан да жоғары қызығушылық болғанын айтып, қазақстандықтардан **мыңдаған ұсыныс** түскенін, олардың мұқият қаралып, зерделенгенін мәлімдеді. Осы орайда Президент «**Келісіп пішкен тон келте болмас**» деген мақал келтірді.
«Барлық конструктивті идеялар ескерілді. Мұндай жоғары деңгейдегі қатысу азаматтарымыздың ел тағдырына шынайы жанашырлығын көрсетеді. Жалпыға бірдей дауыс беруге шығарылған Негізгі заң жобасы жан-жақты зерттеліп, талқыланды. Сондықтан бұл шынымен де халықтық Конституция деп нық айтуға болады», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, бұған дейін **мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин** Тоқаевтың жаңа Конституцияны әзірлеуге қатысуы туралы айтқан. Оның сөзінше, Президент реформаларды бастамалап қана қоймай, жаңа Конституцияның негізгі ережелерінің тікелей авторы болған.


